Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждердің оқытушыларына арналған «ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПУЛЬС: ЖАС ПЕДАГОГ ДАУЫСЫ» атты І Республикалық форумы

2025 жылғы 24 — сәуірде сағат 10.00-де Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас  педагогтеріне арналған «Педагогикалық пульс: жас педагог дауысы» атты І Республикалық форум жұмысы сәтті басталды.

Форумның ұйымдастырушылары: Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК, Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжі.

Форумның мақсаты: жұмысшы мамандықтар бойынша кадрларды даярлауды жүзеге асыратын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас педагогтерінің педагогикалық қызметке деген ынтасы мен мотивациясын арттыру.

Колледждерде жұмысшы мамандық иелерін дайындауды жүзеге асыратын жас педагогтерге арналған І Республикалық форумға, еліміздің түкпір-түкпірінен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 200-ден астам өкілдері жиналды.

Форумның бірінші күні пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары А.Б. Касымова, Білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Т. Еламан, «Talap» КеАҚ президенті С.М. Тәтібеков,  «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Адами капиталды дамыту департаментінің бас сарапшысы  Д.Б. Шарипбаева, ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Ә.Т. Бимендина, Астана қаласы әкімдігінің «Технологиялық колледжі» ШЖҚ МКК директоры, Астана қаласы Маслихатының депутаты Л.М. Разбек, «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қорының бағдарлама директоры А.А. Нұрмұхановтар құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандардың заманауи білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.

Форумға қатысушылар алты тақырыптық шеберлік сыныбына қатысты, олардың әрқайсысы заманауи педагогиканың негізгі аспектілеріне арналды. Форум жұмысы фасилитациялық және командалық сессиялармен жалғасып, халықаралық деңгейдегі бизнес-тренер Қ. Мақан — «Педагог пен студент арасындағы коммуникацияны қалай жақсартуға болады?» тақырыбындағы шеберлік сыныбына ұласты.

І Республикалық форум жұмысының бірінші күні кәсіби қарым-қатынастың, тәжірибе алмасудың, білім берудің заманауи құралдары мен болашағына терең бойлаудың бай және шабыттандыратын үлгісін көрсетті.

Бірінші күннің бағдарламасы бойынша Форумды ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды елордамыздағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына «Жошы хан» тарихи қойылымына апарды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *