2025 жылғы 28 қазан күні Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Заид Әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейде «Жасанды интеллект дәуіріндегі педагог құзыреті мен этикасы» атты республикалық форум өтті.
Бұл ауқымды іс-шараны Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы, және №84 мектеп-лицейі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жасанды интеллект дәуірінде педагогтің жаңа рөлін айқындау, білім беру мазмұнын қайта қарау және мұғалімдердің заманауи цифрлық құзыреттілігі мен этикалық мәдениетін дамыту болды.
Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен — Қарағанды, Абай, Ақмола облыстарынан және Астана мектептерінен жалпы саны 300-ге жуық педагог, білім басшылары, IT-мамандар мен сарапшылар қатысты.
Негізгі сессиялар мен баяндамалар:
Keynote Session аясында еліміздің жетекші білім сарапшылары мен инновациялық ұйым өкілдері ЖИ-дің білім беру процесіндегі рөлі мен қолдану этикасы жөнінде баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, EdTech көрмесінде мұғалімдерге арналған заманауи оқу құралдары мен инновациялық платформалар таныстырылды. Форумның практикалық бөлімінде әртүрлі пән мұғалімдері жасанды интеллектті сабақ процесіне енгізудің нақты мысалдарын көрсетті. Форумның жабылуында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, білім саласында жасанды интеллектті қолдану бағытында пікір алмасты.








