2025 жылғы 25 сәуір күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК-ның жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, №29 орта мектептің базасында «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы аясында «Құндылықтар – тұлғаның рухани негізі» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Аталған семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарында жүргізілетін тәрбие жұмысын тұлғалық құндылықтарға сүйене отырып ұйымдастыру, сонымен қатар оқу-тәрбие процесіне құндылықтарды жүйелі әрі тиімді кіріктіру жолдарын қарастыру және педагогтер арасында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болды.
Семинарды №29 орта мектеп директоры Айжан Маметханқызы «Құндылықтар – тұлғаның рухани негізі» атты кіріспе сөзімен ашты. Ол «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мәні мен мазмұнына тоқталып, аталған жоба аясындағы жұмыстардың тәрбиелік әлеуеті мен маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Зейнел Гулия мен Ақман Шырайлым мектеп тәжірибесіне негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы жан-жақты ақпарат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар бағдарламасы мазмұнды әрі құрылымды үш негізгі бағыт бойынша секциялық жұмыстармен жалғасты:
1-секция: «Құндылықтарды пәнге, сынып сағаттарына кіріктіру» – мұнда пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері оқу мазмұнына құндылықтарды енгізу тәжірибелерін ортаға салды;
2-секция: «Құндылықтардың тәрбие жұмысындағы көрінісі» – тәрбие сағаттары, шеберлік сабақтары, жобалық жұмыстар арқылы құндылықтарды оқушылар бойына дарыту әдістері қарастырылды;
3-секция: «Даналық мектебі» – отбасылық тәрбие, ұлттық салт-дәстүр мен үлкендердің өнегесі арқылы берілетін құндылықтардың маңызы қарастырылды.
Іс-шара соңында қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, педагогтердің жұмысына жылы лебіздерін білдіріп, кері байланыс жасады. Семинар мазмұны терең, форматы жан-жақты, ал ұсынылған тәжірибелер тәрбиенің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне жол ашатыны анық болды.