2025 жылдың 5 наурыз күні қазақ тілі мен әдебиетін құндылықтар негізінде оқытудың әдістемелік жаңашылдықтарымен бөлісу, тиімді инновацияларды насихаттау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Жанар Сейтахметтің сүйемелдеуімен Қаныш Сәтбаев атындағы Binom school мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі қаладағы Қадыр Мырза Әли атындағы BINOM school және Ә.Кекілбаев атындағы BINOM school мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен бірлесе отырып, «Қазақ тілі мен әдебиетін құндылық бағдарлы оқыту: әдістеме мен инновация» тақырыбында аймақтық тәжірибелік семинарын өткізді.
Семинарға Астана қаласы мұғалімдері және Ақмола облысы Целиноград ауданының (Оразақ, Талапкер, Төңкеріс, Қажымұқан, Ақмол, Қызылжар, Қоянды, Қажымұқан, Софиевка, Жарлыкөл, Жаңаесіл, Тасты, Сарыкөл, Нұресіл, Ынтымақ, Шұбар, Қабанбай ауылдарының) қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Семинар 3 кезең бойынша өтті. Бірінші бөлімде сингапурлық әдіс-тәсілдерді сабақта тиімді қолдану жолдары туралы теориялық ақпараттар берілсе, екінші бөлімде сол әдіс-тәсілдердің практикада қолдануын бақылау үшін ашық сабақтар өткізілді. Үшінші бөлімде пән мұғалімдерінің әдіс-тәсілдерімен бөлісу үшін әдістемелік жәрмеңке мен тәжірибе алаңы ұйымдастырылды.