2025 жылғы 29 сәуір күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес, №102 орта мектепте Астана қаласы білім беру ұйымдарының «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) пәні педагогтеріне арналған «Білгім келеді» клубы жобасының аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу әдебін дамыту» тақырыбында қалалық отырыс ұйымдастырылды.
Осы маңызды шараның мақсаты – қазақ тіліндегі сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу әдебінің анықтамасын терең түсіну, олардың маңыздылығын атап өту және әдепті сөйлеу дағдыларын дамыту жолдарын көрсету. Сонымен қатар, қалыпты сөйлесу, сөзді дұрыс таңдау және тілдің байлығын пайдалану арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдірудің жолдарын қарастыру көзделді.
Аталған іс-шараға қазақ тіл білімінің майталманы, «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, ғалым, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Шерубай Құрманбайұлы, сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Баяхметбаева Күнімбала Ізтөлеуқызы және Астана қаласы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ӘдістемеLAB жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Искакова Жазира Мақсұтовна қатысып, өздерінің терең білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Бұл отырыс педагогтер үшін үлкен құнды білім алаңы болды. Әрбір баяндамашы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша маңызды мәселелерді қозғап, оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер туралы тың ойлар мен жаңа ұсыныстар айтты. Мұндай іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттырып, оларды қазақ тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен таныстырып, келешек ұрпақтың тілдік сауаттылығын арттыруда зор үлес қосары сөзсіз.