Ағымдағы жылдың 24 ақпан күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК қолдауымен «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында электронды оқулықтарды тиімді пайдалану» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинарға Астана қаласы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Қазақ филологиясы» зертханасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты А.С.Ақтанова, Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары, Орал, Тараз, Алматы және Астана қалаларының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шеберлері мен педагог-зерттеушілері қатысты.
Семинар барысында электронды оқулықтардың рөлі, олардың білім деңгейін арттырудағы маңыздылығы және жаңа технологияларды сабақ барысында қолданудың тиімді жолдары туралы мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ, педагогтар интерактивті құралдарды пайдалану бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарда интерактивті және Google карталар, LearningApps.org интерактивті модульдерін сабақ үдерісінде тиімді қолдану тақырыптарын толық меңгеруге, виртуалды саяхат жасау арқылы оқушы білімін жетілдіре түсуге мол мүмкіндік беретін білім беру платформалары ұсынылды.