Мектепішілік бақылау: проблемалық мәселелерді талдау және шешу жолдары

2026 жылғы 29 қаңтарда Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК Астана қаласы әкімдігінің №105 және №45 жалпы орта білім беретін мектептерінің ұйымдастыруымен «Мектепішілік бақылау: талдаудағы проблемалық мәселелерді анықтау және шешу жолдары» тақырыбында қалалық оқыту семинары өтеді.

Іс-шараның мақсаты – оқу-тәрбие процесіндегі мектепішілік бақылау нәтижесінде анықталған проблемалық мәселелерді талдау, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындау және білім сапасын арттыруға бағытталған басқарушылық және педагогикалық тәжірибелерді тарату.

Семинарға мектептердің оқу жұмысы жөніндегі директор орынбасарлары, сондай-ақ бейіндік жұмысқа жауапты орынбасарлар қатысады.

Бағдарлама аясында қатысушыларға арналған психологиялық тренинг, пленарлық отырыс және тәжірибелік бағыттағы шебер-сыныптар ұйымдастырылады. Пленарлық бөлімде білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды жою, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты бақылау, білім сапасындағы төмен көрсеткіштерді талдау мәселелері қарастырылады.

Практикалық бөлімде білімдегі олқылықтарды ерте анықтау, қосымша түзету жұмыстарын ұйымдастырудың мониторингі, оқу мақсаттарына жетудегі қиындықтар, сондай-ақ білім алушылардың эмоционалдық қолайсыздығының себептері мен оны шешу жолдары бойынша тәжірибелер ұсынылады. Іс-шара соңында рефлексиялық талқылау өткізіледі.

Аталған қалалық семинар мектепішілік бақылау жүйесін жетілдіруге, басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға және білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әдістемелік алаң болмақ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *