Мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Оқу жылының аяқталуы – әрбір оқушы, ата-ана және ұстаз үшін аса маңызды әрі жауапты кезең. Бұл – бір жағынан білім жолындағы қажырлы еңбектің қорытындысы болса, екінші жағынан — түлектердің жаңа өмірге алғашқы қадамы, үлкен жолдың бастауы. Мектеп бітіру тек салтанатты шара ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың ел болашағына сенімді қадам жасауының белгісі.

Осы орайда, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК 2024–2025 оқу жылында мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға байланысты білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсынымдар берді. Түсіндірме жұмыстарына қала мектептерінің 200-ге жуық директорларының оқу ісі және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қатысты.

Іс-шара барысында Орталық басшысының орынбасары Қ. Амирғалиев мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруда жауапкершілік пен мұқияттылықтың маңыздылығын, түлектердің өміріндегі бұл кезеңнің тәрбиелік және қоғамдық мәні зор екенін, шараны ұйымдастыру кезінде әрбір детальға мән беру керектігін ерекше жеткізді.

Сонымен қатар, Орта білім беру бөлімінің әдіскері А. Қабдиева оқу жылын аяқтауға қатысты негізгі нормативтік құжаттар, қорытынды аттестаттау кезеңдерінің дайындық барысы, емтихан өткізу тәртібі сияқты маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды.

Тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Д. Шәрипова мен әдіскері Э. Ибраева түлектер үшін ұйымдастырылатын «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағатын өткізу, эссе байқауларына қатысу және мектеп бітіру іс-шараларын тәрбиелік мәні жоғары, қауіпсіз әрі мазмұнды етіп өткізу бойынша нақты ұсыныстар берді.

Мектеп бітіру – әр баланың есінде өмір бойы сақталатын сәт. Сондықтан оның мазмұнды, тәрбиелік мәні терең, қауіпсіз әрі есте қаларлықтай өтуі – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *