Медиа және ақпараттық сауаттылық. Қашықтан оқыту барысында бейнеролик түсіру жолдары (мобилография)

2024 жылғы 28 қазанда Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» ұйымдастыруымен 97 мектеп-гимназиясының базасында жас мамандарға арналған «Медиа және ақпараттық сауаттылық. Қашықтан оқыту барысында бейнеролик түсіру жолдары (мобилография)» атты қалалық семинар-практикум өткізілді. Бұл семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің медиа және ақпараттық сауаттылығын арттыру және бейнероликтерді мобильді құрылғыларда кәсіби түсіру дағдыларын дамыту болды.

Семинар-практикумға бірнеше тәжірибелі спикер қатысты, олардың ішінде негізгі спикер ретінде IT және баспа қызметінің әдіскері — Жанұзақ Абай сөз сөйлеп, қатысушыларға мобилография саласында өз білгенімен бөлісті. Жас мұғалімдерге бейнеролик түсірудің негізгі қыр-сырын түсіндіріп, мобильді телефонның камерасын кәсіби деңгейде қолдану үшін қажетті техникаларға тоқталды. Одан әрі бейнетүсірілімде жарықпен, бұрышпен, және кадрдың композициясымен жұмыс істеу әдістерін нақты мысалдармен көрсетті, бұл тыңдаушыларға мобильді құрылғымен сапалы контент жасау мүмкіндіктерін ашты.

Сонымен қатар, түсірілген материалдарды өңдеу үшін қолданылатын бағдарламалар мен қосымшаларға шолу жасады.Видеомонтаж жасауда ыңғайлы бағдарламаларды ұсынып, әр қосымшаның ерекшеліктерін айтып өтті. Әсіресе, жеңіл қолданылатын бағдарламалар және кәсіби монтаждауға арналған құралдар жайында кеңінен ақпарат берілді.

Түсірілім мен монтаждау процесін жеңілдететін лайфхактар мен практикалық кеңестерді де ұсынды. Мысалы, түсірілім кезінде дірілдеуді азайту үшін арнайы құралдарды қалай пайдалануға болатынын және шағын құрылғыларды қолданудың артықшылықтарын айтты. Сондай-ақ, бейнелерді тартымды ету үшін әуен қосу, эффектілер енгізу, және ауыспалы кадрлар жасау бойынша да кеңестер берілді.

Семинарға қатысқан басқа да спикерлер – Асылбекова Г. (97 мектеп-гимназия), Матай Ә., Бекбатыр А., және Сыдыкова Р. – өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға қашықтан оқытуда қолдануға болатын жаңа әдістерді үйретті. Олар әрбір мұғалімге қолжетімді құралдар арқылы креативті, сапалы бейнероликтер жасауға болатындығын көрсетті.

Семинар жас мұғалімдер үшін қызықты әрі пайдалы іс-шара болды, олар медиа сауаттылық пен мобилография бойынша алған білімдерін өз жұмыстарында тиімді пайдалана алатын болады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *