2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК және Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «ЕББҚ бар оқушыларға арналған физика мен информатика сабақтарында оқу тапсырмаларын цифрлық бейімдеу технологиялары» атты қалалық семинар-практикум өтті.
Семинарға елорданың физика, информатика пәні мұғалімдері және инклюзивті білім беру бағытындағы педагогтер қатысты. Мақсаты – инклюзивті ортада цифрлық құралдарды пайдалану дағдыларын дамыту және тапсырмаларды оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу тәсілдерін меңгерту.
Пленарлық бөлімде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, қолжетімді цифрлық ресурстарды қолдану және әлеуметтік-эмоционалдық қолдау жүйесін енгізу мәселелері қарастырылды. Психологиялық ахуалды жақсартуға арналған жаттығулар да ұсынылды.
Практикалық бөлім «Inclusion Quest» форматында өтті. Қатысушылар бес станцияда цифрлық бейімдеу, инклюзивті инфографика, жасанды интеллект көмегімен тапсырмаларды түрлендіру, эмпатия картасын қолдану және Emotion AI технологиялары бойынша тәжірибе алмасты.
Сонымен бірге физика және информатика пәндері бойынша ашық сабақтар өткізіліп, олардың нәтижелері арнайы рубрикатор арқылы талданды.
Қорытынды кезеңде семинардан кейінгі даму бағыттары талқыланып, ашық микрофон ұйымдастырылды.
Кері байланыс нәтижелері бойынша семинар мазмұны мен ұйымдастырылуы жоғары деңгейде бағаланып, педагогтердің кәсіби дамуына елеулі үлес қосқан іс-шара ретінде аталды.








