Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша оқыту семинары өтті

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК-ның жұмыс жоспарына сәйкес, 2025 жылғы 13 мамыр күні К. Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде «Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыруды және бос уақытын қамтуды ұйымдастыру» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.

Семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысына жауапты мамандарды жазғы демалыс маусымына сапалы дайындау, тәжірибе алмасу және заманауи әдіс-тәсілдермен таныстыру.

Іс-шараға барлығы 175 адам қатысты. Атап айтқанда, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп вожатыйлары, педагог-ұйымдастырушылар және лагерь басшылары.

Семинар жұмысы Астана қаласы Білім басқармасы Қосымша білім және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Г. Сарамбетованың алғы сөзімен басталды. Гульфара Бекбулатовна мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру мен балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлудің маңыздылығына тоқталды.

«Әдістемелік орталығы» МКҚК басшысының орынбасары Ж. Амиргалиев өз сөзінде мектеп жанындағы лагерьлердің тәрбиелік маңызы мен балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру қажеттілігіне назар аударды.

Жазғы уақытта білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты мәселе болып табылады. Осыған орай, Астана қаласы ТЖД Есіл ауданы бойынша ТЖБ бастығының орынбасары Әнес Сағдат Қайратұлы, бас маманы Орал Азамат Кайратович каникул кезіндегі балалардың қауіпсіздігі туралы баяндап, арнайы видеороликтер көрсетті.

Тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Э. Ибраева жазғы лагерьлердің мақсаты мен негізгі бағыттарын таныстырып, мектеп директоры, лагерь бастығы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар мен мектеп вожатыйының міндеттерін нақтылап берді.

Семинар барысында М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары А. Джапарова өз мекемесінің бағдарламасы аясында жазғы демалысты ұйымдастырудың тиімді формаларын ұсынды.

№22 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары А. Нургалиева мен Т. Столярова «Жазғы демалыс кезінде лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар» тақырыбында баяндама жасап, толық нормативтік-құқықтық құжаттар, лауазымдық міндеттер мен ұйымдастыру формалары туралы кеңінен мәлімет берді.

Сондай-ақ, Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің аға тәлімгері Балғын Жәкен жазғы лагерьге арналған заманауи әдістер – QR-квест, челлендж, тимбилдинг бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Семинар соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.

Қорытындылай келе, семинар қатысушылары жазғы демалыс маусымына дайындық барысында қажетті әдістемелік және практикалық материалдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, олар жаңа идеялармен алмасып, жазғы лагерьлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін пайдалы тәсілдерді меңгерді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *