Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жылдық жоспарына сәйкес 2025 жылдың 3 мамыр күні Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясында «Әке — тұлға, рухты ұрпақтың тірегі» атты қалалық «Әкелер» слеті өтті.
Слеттің мақсаты — бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту, отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін сақтау және салауатты қоғам қалыптастыру.
Іс-шараға Нұра ауданында орналасқан мектептердің «Әкелер» кеңесінің 100-ден астам мүшесі қатысты. Іс-шара үш бөлімнен тұрды:
I бөлім: Ресми ашылуы
Іс-шара мектептің «Мұрагер» ансамблінің орындауындағы «Балбырауын» күйімен ашылды. Қатысушыларды мектеп директоры Жаңғазақова Карлыгаш Есимхановна құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы іс» тақырыбында №78 мектеп-гимназиясының «Әкелер» кеңесінің мүшесі Мұхамеджанов Айдын Мұхаметқалиевич мазмұнды баяндама жасады.
Келген қонақтар «Балалар айтады…» бейнеролигін тамашалады. Бейнероликте балалар әкелері туралы өз ойларын білдірді. Сонымен қатар, 10-сынып оқушылары «Мен сенің өміріңнің жалғасымын…» атты әскери саптық шеру көрсетті.
Мектеп фойесінде «Әке таланты — балаға үлгі» атты көрме ұйымдастырылып, түрлі салада қызмет ететін әкелердің қолөнер бұйымдары мен суреттері қойылды.
II бөлім: «Лидерлік дағдыларды дамыту»
Бұл бөлімде қатысушылар екі топқа бөлінді:
Бірінші топ: «Әкенің бала тағдырындағы рөлі» атты тренингке қатысты. Тренингті мектеп психологтары А. Жүркеева мен Ж. Бисембай өткізді.
Екінші топ: «Медиация: жүйе, қағидат және тәжірибе» атты коучингке қатысты. Коучингті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Сүлейменова мен әлеуметтік педагог Ж. Мұхамеджанова жүргізді.
Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, отбасындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Үздік спикерлер диплом және сыйлықтармен марапатталды.
III бөлім: Әскери-спорттық ойындар
Слеттің соңғы бөлімінде әкелер командаларға бөлініп, әскери-спорттық жарыстарға белсене қатысты. Жеңімпаз командалар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді. Қонақтар осындай игі бастамалардың жыл сайын өткізілуіне ниет білдіріп, ұсыныстарын айтты.