Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жылдық жұмыс жоспарына сәйкес 2025 жылғы 5 мамыр күні білім беру саласындағы зерттеу және ынтымақтастық бөлімі әдіскерлерінің ұйымдастыруымен шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицейінде әдістемелік күн өткізілді. Аталған білім беру ұйымы Халықаралық бакалавриаттың негізгі орта мектеп бағдарламасына (IB MYP) 2021 жылы авторизациядан өтіп, қазіргі уақытта бастауыш мектеп бағдарламасы (IB PYP) бойынша авторизациядан өтуге дайындық үстінде.
Іс-шара мақсаты – Халықаралық бакалавриаттың бастауыш мектеп бағдарламасы (PYP) бойынша авторизацияға дайындық барысында білім беру ұйымына әдістемелік қолдау көрсету.
Кездесу барысында PYP бағдарламасының негізгі қағидаттары таныстырылып, бастауыш буын оқушыларының зерттеу дағдыларын қалыптастыру әдістері, оқу жоспарын құру ерекшеліктері, сондай-ақ мектеп саясатының құрылымы мен мазмұны қарастырылды.
Айрықша назар пәнаралық зерттеулерді жоспарлау, оқу жетістіктерін бағалау және IB құндылықтарына негізделген мектеп мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне аударылды. Оқушылардың дербестігін, бастамашылдығын және рефлексия жасау қабілетін дамытуға бағытталған оқу ортасын ұйымдастырудың практикалық үлгілері ұсынылды.
Әдістемелік күн аясында мектеп педагогтері кіріктірілген сабақ бойынша шеберлік сынып өткізіп, білім алушылардың оқу дағдыларына (Approaches to Learning – ATL) бағытталған тиімді әдістерді ұсынды. Іс-шараға қатысушылар нақты оқу үдерісінде коммуникативтік, зерттеушілік, әлеуметтік, өзін-өзі басқару және ойлау дағдыларын дамытуға арналған стратегиялардың қолданылуын көрді.
Сондай-ақ әдіскерлер педагогикалық ұжыммен кәсіби даму, оқыту семинарларына қатысу және ішкі IB-үйлестірушілер командасын құру мәселелерін талқылады.
Астана қаласының мемлекеттік мектептерінде Халықаралық бакалавриат бағдарламаларын (PYP, MYP, DP) енгізу және іске асыру бойынша әдістемелік қолдау жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.