2025 жылдың 30 сәуір күні Астана қаласы Білім басқармасы, Әдістемелік орталығы және «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы» ұйымдастырған «Абайтанудың заманауи парадигмасы: пәнаралық байланыстар және жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияға Түркиядан, Өзбекстаннан, Қазақстанның барлық өңірлерінен, оқу орындары мен ғылыми орталықтардан ғалымдар, педагогтер, мектеп басшылары мен әдіскерлер қатысты.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобалардың таныстырылымы өтті. Абай ауылына саяхат ұйымдастырылып, оқушылар Абай өлеңдерін жатқа айтты, ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Сонымен қатар «Зере» әжелер мектебі мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, оқушылардың «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын жатқа айтуы қатысушылардың қызығушылығын тудырды. «Сен де бір кірпіш дүниеге…» атты жобалар алаңында интеллектуалды және ғылыми жобалар таныстырылды.
Ауқымды іс-шараның ең маңызды бөлігі «Абайтанудың заманауи парадигмасы: пәнаралық байланыс және жаңашылдық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Конференция «45 ҚАРА СӨЗ» абсурд драмасымен, Абай әндерімен ашылып, Корей мәдени орталығының директоры/ Елшілік Кеңесшісі/ Ку Бон Чхоль, Қазақстандағы Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі д-р Т.В. Нагендра Прасад, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер сияқты құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Мектеп директоры Айгүл Оңдағанқызы жүргізген пленарлық отырыста «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының негізін салушы, ф.ғ.д., жазушы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы, конференцияның бас баяндамашысы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Мағазбекұлы Әубәкір Абай мұрасы және пәнаралық байланыс тұрғысынан өзекті ой айтып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференцияның арнайы шетелдік құрметті қонағы, жас ғалым, Хаджеттепе университетінің PhD докторанты, «Абай өлімінің сынағы» кітабының авторы Фатих Йылмаз «Абайдың заманауи ой жүйесі мен өлім философиясы» тақырыбында сөз сөйледі.
Спикерлер PhD Мәрлен Әділов «Абай шығармаларындағы көне сөздер мен сирек қолданыстар», тіл жанашыры, журналист Ернат Рахметолла «ТОлық адам» болудың 4 жолы», «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК физика пәнінің мұғалімі мектеп мұғалімі Кеңес Дауыл «Абай әлеміндегі физика» тақырыбында ой-пікірлерімен бөлісті.
Конференцияның секциялық жұмыстары 4 бағытта жұмыс істеді. Оған барлығы 200 мұғалім қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, абайтану
ғылымының алдағы даму бағыттарын айқындады. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.