Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру: теория және практика

Астана қаласы  Әдістемелік  орталығының ұйымдастыруымен 2023 ж. 20 қаңтар күні Экономикалық лицей мектебінде жас мамандарға арналған «Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру: теория және практика» тақырыбында қалалық семинар өтті. Семинарда оқушылардың математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын қалыптастыру бойынша Экономикалық лицейдің жаратылыстану-математикалық бағыты мұғалімдерінің жұмыс тәжірибесі таныстырылды. Семинардың пленарлық бөлімінде  ӘО әдіскері Қ. Нуртаева, лицей директоры Б. Сыздыкова семинардың  мақсаты, өту барысымен  таныстырды.

Оқытудағы құзыреттілік тәсілді қалыптастыру процесінде мұғалімдерді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу тәжірибесін және білім беру нәтижелерін директордың орынбасары

А. Тәуекелова ұсынды. Семинарда жас педагогтерге математика сабақтары, биология-химия кіріктірілген сабағы, ақпараттық сауаттылықты дамыту үшін онлайн платформаларды қолдану бойынша шеберлік сыныптары, математикалық сауаттылықты қалыптастыру тәжірибесі ұсынылды. Семинар тақырыбы қаншалықты өзекті болса, іс-шараға қатысушылардың жұмысы да сондай қызықты әрі пайдалы болып шықты. Семинар қатысушыларға сабаққа ғана емес, жалпы білім беру кеңістігіне де жаңа көзқараспен қарауға көмектесті. Оқытудың шығармашылық процесі жылы, достық атмосферада өтті, бұл әр мұғалімнің әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Экономикалық лицей мұғалімдері үшін бұл тәжірибені жүйелеудің, шабыт алудың, мазмұнды жаңалыққа ұмтылудың және орасан зор энергетикалық зарядтың тағы бір мүмкіндігі болды. Жас мамандарға арнаған сөзінде Қ.Нұртаева  өзінің педагогикалық қызметін ұдайы сыни талдау, тәжірибелі әріптестерінің жұмысын бақылау және кәсіби өсуге жоғары қызығушылық қажеттігін атап өтті.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған