Қосымша білім беру жүйесінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыстың ерекшеліктері

2022 жылғы 02 желтоқсанда Әдістемелік орталықтың жоспарына сәйкес № 2 Өнер мектебінің базасында «Қосымша білім беру жүйесінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыстың ерекшеліктері» тақырыбында қосымша білім беру педагогтеріне арналған қалалық семинар-практикум өтті.

Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың білім алуы олардың табысты әлеуметтенуінің, қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің, кәсіби және әлеуметтік қызметте өзін-өзі тиімді жүзеге асырудың негізгі және ажырамас шарттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты балалардың білім алу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.

Семинарды өткізудің мақсаты ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен жұмысты ұйымдастыру бойынша қосымша білім беру педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

Семинар жұмысына Астана қаласының қосымша білім беру ұйымдарының 30-дан астам педагогі қатысты. Семинар аясында №2 Өнер мектебінің директоры Гүлмира Жангелді қосымша білім беру жүйесінде ЕББҚ бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту туралы, С. Садуаксұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясының логопеді Н.Н. Жолтаева ЕББҚ бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу туралы, №65 мектеп-гимназиясының дефектологы И.А. Сейдахметова қосымша білім беру ұйымдарында есту қабілеті нашар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің ерекшеліктері тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар барысында практикалық сабақтар өткізілді. «Co-Make» ҚҚ жанындағы «РостОК» сөйлеуді дамыту орталығының логопед-дефектологы, №52 мектеп-гимназиясының мұғалімі «Педагог-бала-ата-ана» тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашып көрсетті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен инклюзия жағдайында жұмыс істеу үшін мұғалім жоғары кәсіби құзыреттілікке ие болуы керек, ерекшеліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына біріктіруге мүмкіндік беретін арнайы педагогикалық технологияларды меңгеруі керек, сонымен қатар физикалық, психикалық, интеллектуалдық және т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, барлық балаларға білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ететін түрлі педагогикалық құралдарға ие болуы керек.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған