«Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша  жиынтық бағалауды құрастыру жолдары» тақырыбында қалалық оқыту семинары

2022 жылғы ақпанның 15 күні Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Жанар Сейдахметқызының жетекшілігімен ұйымдастырылған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жиынтық бағалауды құрастыру бойынша қалалық Педагогтер қауымдастығы мұғалімдерінің озық тәжірибесімен бөлісу, тарату мақсатында  «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша  жиынтық бағалауды құрастыру жолдары» тақырыбында қалалық оқыту семинары өткізілді. Іс-шараға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Вебинарда №48 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ильясова Ляззат Бақтыбайқызы  бөлім бойынша жиынтық бағалауды құрастырудың жолдарына теориялық жағына тоқтала отыра, өз тәжірибесімен бөлісті. Тапсырма құрастыруда Блум таксономиясына негізделген етістіктер шеңберін жақсы түсіндіріп,  тапсырма түрлеріне тоқталды. Ашық, жабық түрдегі және қысқа не толық жауапты қажет ететін тапсырманы әріптестермен бірге құрыстырды. Тыңдалым, айтылым, оқылым, жызылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілерін таныстырып өтті.

Келесі спикер № 62 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кусаинова Назгуль Ермековна тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру алгоритміне тоқталды. Тапсырма құрастырудың нақты кезеңдеріне тоқтала отыра, өз тәжірибесімен бөлісті. Тілдік төрт дағдыға негізделген тапсырманы семинарға қатысушылармен бірге құрастырды. Биылғы оқу жылындағы тоқсандық жиынтық бағалаудағы өзгерістерге тоқталып өтті.

Қалалық Педагогтер қауымдастығының лидері, №86 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Толеубаева Самал Жақсылыққызы бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелеріне талдауды жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Талдау барысында меңгерілген мақсаттар мен қиындық тудырған мақсаттарды анықтаудағы жүргізілетін мониторинг жұмысын таныстырды. Әр тоқсан сайын жүргізілетін талдау нәтижесінде білімдегі олқылықтардың орнын толтыру жоспарымен және үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс түрлері бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар ZOOM платформасының чатына пікірлерін жазып, кері байланыс жасады, іс-шараны  ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығына, тәжірибе алмасқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыстарын білдірді.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған