2021 жылғы 24 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен №8 мектеп-лицейінде «Бастауыш сынып оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толықтырудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты педагогикалық шеберхана өтті.
Мақсаты: қала мектептерінің мұғалімдерімен бастауыш сынып оқушыларының біліміндегі олқылықтарды анықтау мен орнын толықтыру бойынша тәжірибе алмасу.
Іс-шараға Байқоңыр ауданына қарасты мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің 26 жетекшісі қатысты. Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Н. Әзімбай педагогтерді аталған іс-шараның мақсаты мен бағдарламасын таныстырып, бүгінгі күннің өзекті мәселесі оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жою екенін атап өтті.
Педагогикалық шеберхананың теориялық бөлімінде сөзге шыққан №8 мектеп-лицей директорының бастауыш сынып бойынша орынбасары К. Боханова бастауыш сынып оқушыларының біліміндегі олқылықтарды анықтау бойынша жүргізілетін жұмыстар, оның қадамдары мен кезеңдері туралы толық түсінік берді, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика мен жаратылыстану пәндері бойынша олқылықтарды жоюдың кейбір әдіс-тәсілдерін атап өтті.
Практикалық бөлімде семинарға қатысушы мұғалімдер шағын топтарға бөлініп, жұмыс жасады. Әр қатысушы өз тәжірибесінде кездескен мәселелер, оларды жою үшін қолданған тиімді әдістері туралы постер қорғады. Топтардағы жұмысты қорытындылай келе, модераторлар А. Сатенова «Математика сабағында оқушы білімін жетілдіруде қолданылатын әдіс-тәсіл түрлері», С. Сексенбаева «Қазақ тілі сабағында оқушының біліміндегі олқылықтарды жоюға қалай көмектесуге болады?», А. Рәт «Әдебиеттік оқу пәнінен олқылықты жою жолдары», А. Асхатова «Жаратылыстану пәнінен оқушылардың білімін дамыту жолындағы қиындықтарды жою» бойынша шебер-сынып көрсетіп, өз тәжірибесінде табысты қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Семинар соңында Орталық әдіскері У. Муратова «Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жасау алгоритмі» тақырыбында рефлексия жүргізді. Мұғалімдер өз әсерлерімен бөлісіп, жаңа қызықты әдістер-тәсілдерді ойлап табуға және оқытудың жаңа жолдарын іздеуге мүмкіндік беретін «сиқырлы қобдиша» ретінде топтық жұмыстың артықшылықтарын атап өтті.