Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жылдық жоспарына сәйкес 2025 жылғы 18 желтоқсанда елордалық білім беру ұйымдарының педагогтері үшін онлайн форматта Зерттеушілер конференциясы өтті. Іс-шараны Әдістемелік орталықтың Білім саласындағы зерттеу және ынтымақтастық бөлімі ұйымдастырды.
Конференцияның негізгі мақсаты педагогтердің зерттеушілік мәдениетін дамыту, білім беру үдерісінде заманауи әдістер мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ оқушылардың оқу мотивациясы мен тілдік дағдыларын арттыруға бағытталған зерттеу нәтижелерін тарату болды.
Іс-шара барысында Action Research жобасы аясында өз зерттеу нәтижелерін ұсынған елордалық мектеп мұғалімдері сөз сөйледі. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің «Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі мұғалімі Курманова Индира Нурлановна сөздік қорды арттыру жолдары бойынша жүргізген зерттеуін таныстырды. «№81 Astana English School» халықаралық мектебінің мұғалімі Серкебаева Сауле 10-сынып оқушыларының академиялық жазу дағдыларын құрылымдалған үлгілер мен жасанды интеллект құралдары арқылы дамыту тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар «Экономикалық лицейдің» ағылшын тілі мұғалімі Машинец Валерия Instagram, Canva және ChatGPT платформаларын қолдану арқылы білім алушылардың оқу мотивациясын арттыру тақырыбында баяндама жасады. Астана қаласы әкімдігінің «№102 орта мектеп» мұғалімі Исмаилова Сандугаш Аманбаевна мен «Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының» мұғалімі Сералимова Сауле Амантаевна жасанды интеллект арқылы сөйлеу дағдыларын жетілдіру бағытындағы бірлескен зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «№6 гимназиясының» мұғалімі Кан Любовь Юрьевна білім алушылардың пікірі (student voice) сабақ жоспарлауға қалай әсер ететіні жөнінде баяндама жасады. «№93 мектеп-лицейінің» мұғалімі Нурланова Айзере Нұрланқызы мен «Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш” мектеп-лицейінің» мұғалімі Кожагулова Назгуль Амантаевна цифрлық дәуірде білім алушыларды ынталандыруда жасанды интеллект құралдарының рөліне тоқталды. Және конференция барысында «№98 мектеп-лицейінің» ағылшын тілі мұғалімдері Қожанова Ақмарал Сағатбекқызы мен Құрмах Асель Сержанқызы «Адал азамат» бағдарламасын білім беру үдерісіне интеграциялау тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараға елордалық білім беру ұйымдарынан 30 педагог қатысты.
Конференция қорытындысында қатысушылар арасында кері байланыс ұйымдастырылып, ұсынылған зерттеу нәтижелері мен тәжірибелердің педагогтердің кәсіби дамуына және білім беру сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.








