2025 жылдың 20 — 24 қазан аралығында «Өркен» балалардың әл- ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған балалар арасында суицидтің алдын алу» тақырыбындағы 36 сағаттық бағдарламасы бойынша Астана қаласы жалпы орта білім беру ұйымдарының басшыларына арналған бюджеттік негіздегі біліктілікті арттыру курсы өтті.
Курс тренері Абдраимова Асем Бауржановна білім беру ұйымдары басшыларының кәмелетке толмаған балалар арасында суицидтің алдын алу жөніндегі білімдерін толықтыруда интерактивті орта құрды. Онда тәжірибелік алаңда ата-аналармен өзара әрекеттесудің заманауи формалары мен әдістері, балалардың суицидтік мінез-құлқын ерте анықтау диагностикасының негіздері, практикада суицидке қарсы әрекет ету алгоритмдерімен жұмысты ұйымдастыруы бойынша тыңдаушылардың кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды.
Курстың қорытынды кезеңінде мектеп басшылары мектептер арасындағы тәжірибе алмасу, бірін-бірі қолдау, мектептегі мәселелерді ауызбіршілікте жеңу мен ортақ мүдделерге бірлесе жету стратегияларын қолдады.








