2024 жылдың қараша айында Астана қаласы Әдістемелік орталығының әдіскері Амирова Алтынай, №70 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Кадирбаев Сүндет пен А. Байтұрсынов атындағы Binom school мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Данебаев Жанат, Үнді Елшілігінің ITEC бағдарламасы аясында, Үндістанның Хайдарабад қаласында ұйымдастырылған ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған бір айлық тағылымдамадан өтті. Тағылымдамаға әлемнің 24 түрлі елінен келген, 41 ағылшын тілі мұғалімі қатысты.
Курс барысында тілдік дағдыларды дамыту, лексикалық және грамматикалық тақырыптарды терең меңгеру, заманауи әдістемелік тәсілдерді қолдану деген маңызды тақырыптарды зерттеді. Тыңдаған дәрістердің арасында сыни ойлауды дамыту, ағылшын тілі сабақтарында аутентикалық материалдарды қолдану және ақпараттық технологияларды сабақ үдерісне кіргізу туралы тақырыптар ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, сабақ жоспарлау мен бағалау жүйелері бойынша пайдалы кеңестер алды.
Тағылымдаманың мәдени компоненті өте маңызды болды. Үндістанның бай мәдениеті мен тарихы туралы дәрістер тыңдап, жергілікті мектептердің жұмыс жүйесін бақылады. Жергілікті «Model High School» мектебінде сабақ беріп, Үндістандық оқушылардың білімге деген ынтасын байқалды. Бұл тәжірибе тағылымдама қатысушыларына сыныптағы әртүрлі мәдениет өкілдерімен жұмыс жасау әдістерін түсінуге көмектесті.
Тағылымдамадағы ең жарқын сәттердің бірі — «Cultural Programme» кеші болды. Әр елден келген қатысушылар өздерінің ұлттық мәдениетін таныстырды. Әдістемелік орталығының әдіскері Амирова Алтынай қатысушыларға қазақтың «Қамажай» биін үйретіп, бірігіп Қазақстанның атынан қазақтың той, беташар сияқты салт-дәстүрлерін көрсетті. Шашу арқылы қазақ халқының қонақжайлылығымен көрермендерді таңғалдырды.
Үндістандағы көптілділік саясаты да ерекше қызығушылық тудырды. Әрбір 100 шақырым сайын тілдік айырмашылық бар бұл елде ресми тілдер саны – 22, ал жалпы тілдер саны – 1500-ге жуық екен. Бұл жағдай ағылшын тілін ресми тіл ретінде оқыту қажеттілігін көрсетеді. Дегенмен, әртүрлі тілдік орта ағылшын тілін үйренуде қиындықтар туғызатындығы туралы жергілікті мұғалімдер бөлісті.
Тағылымдама соңында барлық қатысушыларға сертификат және ағылшын тілін оқытуға арналған әдістемелік кітаптар табысталды. Бұл тағылымдама педагогтер үшін тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, мәдени тұрғыдан да бай тәжірибе болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестермен тәжірибе алмасу және Үндістан мәдениетін терең түсінуге үлкен шабыт берді.
Бұл тағылымдама қатысушылар үшін оқыту әдістемесін жаңа қырынан қарауға мүмкіндік туғызды. Тағылымдамаға қатысушы мұғалімдер үздіксіз даму арқылы оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, шетел тілін білудің маңыздылығын өз тәжірибелерінде көрсетуі қажет деген тұжырымға келді.