2024 жылғы 31 қазан күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде елордалық педагогтерге «Zertte» республикалық педагогикалық ғылыми-зерттеу журналына ғылыми мақала жазу әдістемесін, рәсімдеуге қойылатын талаптарды түсіндіру мақсатында «Ғылыми мақала жазу және рәсімдеу» атты қалалық оқыту семинары өтті.
Іс-шараға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері мен тәрбиешілері, орта білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары, пән мұғалімдері, жалпы саны 150-ден астам педагог қатысты.
Басқосу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті педагогика кафедрасының профессоры п.ғ.д., профессор Жиенбаева Сайра Нағашыбаевна «Мақала жазу әдістемесі. Ғылыми стиль» тақырыбында сөз сөйледі. Сайра Нағашыбаевна ғылыми мақала жазу критерийлерін, ғылыми мақаланың нәтижесіне қойылатын талаптарды түсіндіріп, ғылыми мақала жазу алгоритмін ұсынды.
Әдістемелік орталықтың білім саласындағы зерттеу және стратегия бөлімінің әдіскері Турсунбеков Алмаз Жомартұлы «Жасанды интеллект сервистерін пайдалану арқылы ғылыми мақала жазу ерекшеліктері» тақырыбында сөз сөйледі. ChatGPT, Gemini, Microsoft Copilot сынды ЖИ арқылы жұмыс істейтін сервистердің көмегімен мақала жазуды, сондай-ақ басқа ғалымдардың ғылыми жұмыстарын іздеп танысу үшін Академия Google іздеу жүйесін тиімді пайдалану жолдарын практикалық түрде көрсетті.
Білім саласындағы зерттеу және стратегия бөлімінің әдіскері Әзімбай Бибігүл Кәрімбердіқызы «Ғылыми мақаланы жазуға және рәсімдеуге қойылатын талаптар» тақырыбында сөз сөйлеп, мақала құрылымы, сілтеме рәсімдеу ережелері, техникалық рәсімдеуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ әдеп нормаларын түсіндірді.
Семинар соңында қатысушылар өз ой-пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті. Педагогтерге ғылыми мақала жазу бойынша әдістемелік көмек көрсету жұмысы өз жалғасын табады.