2024 жылы 24 сәуір күні сағат 09.00-де Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының «Талдау және мониторинг» бөлімімен бірлескен А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен «Заманауи мектеп келбеті: сабақтастық, жаңашылдық» тақырыбындағы қалалық семинар өтті. Төрт бөлімнен тұратын ауқымды іс-шаралар кешенінде таныстыру, эксперименттік алаң, көшпелі көрме, ТЕDx алаңы ұйымдастырылды. Семинар жұмысына Елорда мектептерінің директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, мұғалімдер қатысты.
Семинар көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Қабеннің сурет көрмесімен ашылды. Көрмеде Абай Құнанбайұлының өмір жолынан сыр шертетін «Абай жолы» композициясы қойылды. Абай мектебінің миссиясы мен құндылығы таныстырылып, мектептің ішкі жұмыстары көрсетілді. Заманауи құралмен жабдықталған арнаулы кабинеттерді, «Абай» музейін, Димаш Құдайберген атындағы музыка кабинетін, хореография залын, «AQ» студиясы мен Абай кітапханасының жұмысын қарап шықты.
Сонымен қатар AR және VR технологияларын пайдалану арқылы виртуалды әлемді көру, гидропоникалық құрылғыда өсетін өсімдіктерді ылғалды препараттар жасау, «Arduino бойынша тұрмысқа қажетті заттар істеу», «Оқуға құштар сынып» жобалары таныстырылды. Шағын концерттік нөмір дайындалып, халық ән-күйінен шашу шашылды.
Заманауи мектеп келбетін қалыптастырып, табысты мектеп құра білу мектеп басшысының іскерлігі мен қабілеттілігіне, тәжірибесіне байланысты болып отыр. Сол себепті мектеп басшысы іскер, креативті, ұйымшыл болуы шарт. Осыған байланысты Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының жас директорларына тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған семинарда қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оның алғашқысы мектептің дарынды, жұлдыз оқушыларының (Ұлпан Арғынбаева, Ілияс Мықтыбек, Рахметолла Жанатхан) жетістікке жету жолдарын жайлы баяндалса, екінші кезекте жаратылыстану бағыты пәндерінің мұғалімдері ТЕDx форматында сөз сөйледі.
Математика пәні бойынша Қанат Қайратұлы, Қайырбек Шағуанұлы, биология пәні бойынша Әсел Нұрланқызы, физика пәнінен Кенес Дауыл өз педагогикалық іс-тәжірибесін бөлісті. Бұл лекциялардың ерекшелігі, күнделікті пән тақырыбын Абай шығармашылығымен байланыста қарастыру деп айтуға болады. Білім берудің әлемдік трендтердің бірі саналатын әлеуметтік-эмоционалдық оқытуға жататын жоба өз жемісін беріп жатыр деуге негіз бар. Осылайша Абай құндылығын негіз етіп алған Абай мектебі оқу-танымдық және эксперименттік алаңдары бойынша іс-тәжірибесін көрсетті. Сондай-ақ семинар барысында оқушылардан құралған Абай театры ұлы ақын шығармашылығынан философиялық мазмұнда сахналық қойылымды кәсіби деңгейде ойнап шықса, 100-ден астам бастауыш оқушылары «Ғылым таппай мақтанба…» жатқа айтып берді.
Жиын соңында мектеп директоры А. Оңдағанқызы «Табысты мектеп құрудың формуласы» тақырыбында сөз сөйлеп, «мақсат – команда – жоспар» тізбегі арқылы жетістіктерге жетудің кілтін ұсынды. Сонымен қатар Абай мектебінің ауқымды жобалары туралы таныстырып өтті. Соның бірі – «Бала Абай» жобасы. «Бала Абай» жобасы негізінде факультативті сабақ әзірленіп, көмекші құралдары әзірленген. Эксперименттік алаң ретінде басталған жобаға 30-ға жуық қала мектептері мен балабақшалары еніп отыр. Және осы жоба аясында тұрақты түрде жыл сайын қалалық «Бала Абай» оқулары өткізіледі.
Семинар соңында кері байланыс ретінде келген қонақтар мектеп жетістігіне байланысты өз пікірлерін білдірді.
Байланыс телефондары:
А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия: тел. +7 (701) 625-48-92, +7 (701) 378-59-79 E-mail: nur_abai87@mail.ru Астана қаласының Әдістемелік орталығы: тел. 8 (7172) 48 11 57, +7 747 200 52 96 – баспасөз хатшысы. E-mail: reception@astana-modern.edu.kz