26 сәуір күні №36 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі, оқулық, бағдарламалар авторы, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Саргелтаева Күләш Шайдазымқызының іс-тәжірибесін тарату бойынша қалалық семинар өтті.
Семинар аясында Күләш Шайдазымқызының тәжірибесіне арналған «Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында онлайн көрме ұйымдастырылып, қатысушылардың назарына автордың әр жылдарда шығарылған оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары, жарияланымдары, оқушылары мен өзінің жетістіктері ұсынылды.
«11-сынып оқушыларымен «Сағадат Нұрмағамбетов – халық қаһарманы» тақырыбында ашық сабақ көрсетіліп, мұғалім сабақта «Сағат бойынша серіктес», «Кроссенс», «Сандар сөйлейді» әдістерін шебер қолдана білсе, оқушылар «Jamboard», «Wordwall» платформаларында топпен, жеке жұмыс істеп, сабақ мақсатына жеткенін дәлелдеді.
Тәлімгер мен жас маман жұмысының нәтижесін педагогикалық дуэтте – тәлімгер Саргелтаева К.Ш. мен тәлім алушы Саттыбаева М.А. көрсетті.
«Авторлық бағдарлама: ізденістен нәтижеге дейін» тақырыбындағы шеберлік сыныбында Күләш Шайдазымқызы авторлық бағдарламаның түрлеріне, жазу алгоритміне және оны сараптамадан өткізу жолдарына тоқталып, республикалық сараптамалық кеңестің шешімімен республика деңгейінде таратуға ұсынылған «Ұлы дала ұлағаты» авторлық бағдарламасымен таныстырды.
Семинар соңында сөз алған қатысушылар семинардың өте жоғары деңгейден өткенін айтып, Күләш Шайдазымқызына алғыс білдірді.
Іс-шараны қорытындылаған «Әдістемелік орталықтың» әдіскері Гүлжазира Бекболатқызы Күләш Шайдазымқызына «Әдістемелік орталықтың» Алғыс хатын табыстады.