2024 жылдың 30 наурыз күні Түркістан қаласында Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК және қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің ұйымдастыруымен күллі түркі әлеміне танымал тұлға, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында университет киелі өңірге саяхаттап қайтты. Тарихы тереңде жатқан Түркістан өлкесі әр адам барып көруді армандайтын орталық екені сөзсіз. Өңірде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Саяхатшыларды тарихи өлкемен таныстыру және рухани азықпен қамту мақсатымен Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінен Ясауи ілімі мен өмірін зерттеп жүрген айтулы ғалымдарды және еліміздің 13 облысының білім ордаларында қызмет атқаратын 140-тан аса ұстаз саяхаттауға барып қайтты.
Саяхат ең алдымен тарихи, киелі орын Арыстан баб кесенесіне барудан басталды.Бұл жерде баба мүрдесі қойылған ерекше бөлмені көріп, арнайы тілек тілейтін орында болып, Арыстан баб құдығының қасиетті суының дәмін татты. Арыстан баб кесенесінен кейін осы маңдағы Құрбан ата, Өзбекәлі Жәнібек, Борай баба т.б. бабалардың басына барып,құран бағыштады. Содан кейін Отырар мұражайына саяхат жасап, «Отырар опаты» болған көне Отырар қаласының орнын, қаладағы моншаның орнына жүргізілген қазба жұмыстарын және құмырашылар шеберханасын тамашалады және Ахмет Ясауи кесенесін аралады.Жер асты мешітіне барып, Ахмет Ясауи қылуетке түскен жерді көздерімен көріп, ерекше әсерде болды. Гаухар апа кесенесіне барғанда ақ гүлдермен көмкерілген ағаш саяхатшылардың назарын еріксіз аударды. Саяхатшылар тарихи-тағылымы мол киелі мекеннің жердің қыртысындай қатпарланған тарихын естіп, Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан мәдени қорығы мен Керуен Сарай (Жаңа Венеция) туристік кешендерін аралады.
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастыруымен өткізілген 16 ақпанда Астана қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейде бастау алған күллі түркі әлеміне танымал тұлға, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай өткізілген «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына барған қонақтар саяхаттан көп әсер алып қайтты. Тарих саласы мен ой-танымдық мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз.