2024 жылдың 29 наурыз күні Түркістан қаласында Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» МКҚК және қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің ұйымдастыруымен күллі түркі әлеміне танымал тұлға, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты – Орта Азия қала берді күллі түркі әлеміне танылған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, осы конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін оқу жүйесіне енгізуді басшылыққа алу. Орта ғасырда қалыптасқан ағартушылық қызмет пен рухани танымдық мұралардың құндылықтарын ашып көрсету.
Ашылу салтанатында алғашқы сөз сөйлеген университет ректоры Жанар Темірбекова конференцияның мақсат-міндеттерімен, өзіндік маңыздылығымен таныстыра келе тәуелсіздік ақ таңында құрылған университеттің Халықаралық мәртебеге ие болып, Ясауи атын иемденгендігіне тоқталды.
Конференцияға еліміздің 13 облысының білім ордаларында қызмет атқаратын 140-тан аса ұстаздар қауымы қатысты. Сондай-ақ, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінен Ясауи ілімі мен өмірін зерттеп жүрген айтулы ғалымдар да арнайы келді. Бұл -әрине, үлкен мәртебе!
Сонымен қатар, ректор Жанар Темірбекова конференцияның алға қойған мақсаттарының бірі – «Ясауитану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізу, жас буынды Ясауи ілімімен таныстыру, дәріптеу жайлы да ой қозғады.
Келесі кезекте, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев конференция ашылуымен қала әкімі Нұрбол Тұрашбековатың арнайы құттықтауын жеткізді.
Ректор өкілі Пейами Баттал да аталмыш конференцияның түбі бір түркі жұрты үшін маңызы мен мәні туралы баяндады. Ясауидің ілімі, ізденіс жолы, ұрпаққа қалдырған асыл мұралары туралы тарихи деректермен бөлісті. Жас буынға баба аманаты мен еңбектерін көздің қарашығындай сақтау керек екенін баса айтты.
Конференция одан әрі Иран Ислам Республикасы Тебриз университетінің қауымдастырылған профессоры Хусейн Хошбатенидің баяндамасымен өрбіді. Сонымен қатар, Өзбекстан Ұлттық университетінің ғалымы Нодирхан Хасанов, Қырғызстан жерінен, Жүсіп Баласағұни университетінің зерттеуші маманы Тілек Токтосуновтар өз баяндамаларымен таныстырды.
Конференция аясында 10 секция: Қ.А. Ясауи мұрасы және оның рухани танымы; Қ.А. Ясауидің мұраларын оқу-тәрбие үдерісінде қолдану; Қ.А. Ясауи еңбектерінің философиялық және тәрбиелік мәні; Орта ғасырдағы мәтіндер тілі: аударма, лингвистикалық талдау; Түркі әлеміндегі мәдениет және өнер; Оқу және тәрбие; Отбасылық құндылық; Оқытудағы инновация; Педагогика және психология; Зерттеулер бағыттары бойынша жұмыс жасады.
Конференцияда қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи ілімін қазіргі таңда қоғамның рухани-адамгершілік және мәдени дамуындағы жетістіктердің өзегі ретінде танылуын қарастырды. Онда тұлғаның шығармаларындағы тіл, әдебиет, өнер, мәдениет, дін, философия, т.т. мәселелерді талқылап, орта ғасырдағы жазба деректер де зерттеу саласының бірі ретінде қарастырды.
«Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжанов режиссерлік жасаған университеттің 3-курс студенттерінің әзірлеуімен «Ясауи жолы» спектаклі көрсетілді.
Ахмет Ясауидің ауыр да азапты өмірін көрсеткен бұл драмада – әділеттілік пен зұлымдықты, білім мен надандықты, мейірім мен қатыгездікті күрестіре отырып, ұлы ойшылды тарихи тұлға еткен мінезі бейнеленеді.
Сондай-ақ, Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикметтің» жазылу тарихы, ақынның ауыр тағдыры және хан мен билердің әділетсіз шешімдерін өткір сынағаны көрсетілді. Қойылымда Қожа Ахмет Ясауидің Ислам әлемін тек араб тілінде емес, түркі тілінде тануға болатынын дәлелдеген, өз ілімін үйретіп, шәкірт тәрбиелеген ұстаздық бейнесі тереңінен баяндалады.
Спектакльдің соңғы сахнасында бабамыздың ғасырлар бұрын армандап: «Яссы топырағы білім мен ғылымның, мәдениеттің отанына айналса екен»,- деген ақ тілегі жеткізілді. Конференцияға қатысушылар қойылымды жоғары бағалап, өз ризалықтарын білдіріп, қошемет жасады.
Сонымен, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» МКҚК ұйымдастыруымен өткізілген 16 ақпанда Астана қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейде бастау алған күллі түркі әлеміне танымал тұлға, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай өткізілген «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті.