Үздіксіз білім беру – тұлға мен қоғамның тұрақты дамуының кепілі

Астана каласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК қолдауымен «Кәрім Мыңбаев атындағы № 59 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК «Үздіксіз білім беру – тұлға мен қоғамның тұрақты дамуының кепілі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференция модераторлары аталған мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Кошанова Айгүл Жарасқызы және тарих пәні мұғалімі, қоғамдық ғылымдар магистрі, PhD докторант Смагулов Даурен Сайлаубайұлы болды.

Конференцияның бірінші бөлімінде білім ордасына есімі берілген ғалым, биология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Кәрім Мыңбайұлы Мыңбаевқа арналды.

Конференция барысында  Кәрім Мыңбайұлының АҚШ елінде тұратын ұрпақтары, атап айтқанда баласы доктор, профессор Джафар Кәрімұлы мен қызы Алла Кәрімқыздары онлайн қатысып сөз сөйледі. Кәрім Мыңбайұлының жеке өміріне және ғылым-педагогикалық, мемлекеттік-қоғамдық қызметтері туралы ел біле бермейтін ақпараттарымен бөлісті. Ғалымның ұрпақтарының сөзі мен жүздерінен Астана қаласының төріндегі мектепке әкелерінің, оның үстіне Кәрім Мыңбаевтай тұлғаның есімі беріліп жатқаны үлкен қуаныш екендігі сезілді.

Келесі кезекте қазақстандық тұлғатанушы ғалымдармен бірге Джафар Кәрімұлы мен Алла Кәрімқыздары бірлесіп жазған «Кәрім Мыңбаев» атты монографиялық еңбектің ресми таныстырылымы рәсімі өтті. Кітаптың таныстырылымын өткізу үшін ортаға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д., профессор Әбіл Еркін Аманжолұлы, Кәрім Мыңбайұлының немере інісі, журналист Мыңбай Нұрхан Хамзеұлы, кітап авторлары тұлғатанушы ғалым, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Дүйсен Сейітқали Жахияұлы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан – Беларусь мәдени орталығының директоры, п.ғ.к. Калиев Жабай Нұрмақұлы және Астана қаласы әкімдігінің Кәрім Мыңбаев атындағы № 59 мектеп-лицейінің директоры Жұмабекова Алма Алтынханқызы шақырылды.

Конференцияның негізгі бөлімінің ашылуына орай Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК директорының орынбасары Амиргалиев Жангелді Қуандықұлы сөз сөйледі.  Ол өз сөзінде халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі мақсат-міндеттерін айқындап, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда алғашқы баяндамашы ретінде сөзді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д., профессор Әбіл Еркін Аманжолұлы алды. Баяндама «Қазіргі әлемдегі үздіксіз білім беру: ізденістер мен перспективалар» тақырыбында болды. Баяндама барысында Еркін Аманжолұлы қазіргі таңдағы білім саласының өзекті мәселелеріне тоқталды, оның ішінде жасанды интеллект, цифрландыру, білім беруді бюджеттік қаржыландыру мәселелері қозғала отырып, әлімнің тез өзгеруі және онымен бірге білім берудің де осы өзгерістерге жауап беруі мәселелері қамтылды.

Келесі кезекте сөз кезегі сонау бауырлас Түркия Республикасы Стамбұл қаласындағы Едитепе университетінің PhD докторы, профессор Ахмет Ташағылға берілді. Ахмет мырза «Түркияда тарихты оқытудың концепциясы» атты баяндама оқи отырып, Түркия еліндегі тарихты зерттеу мен оқытудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Баяндамашы түбі бір түркі елдері тарихының ортақтығын, оны зерттеудің қазіргі кезеңдегі өзектілігін айтты. Сонымен қатар, екі бауырлас елдердің арасындағы қазіргі кезеңдегі білім беру саласындағы ықпалдастық мәселелері туралы сөз қозғады.

Көршілес Ресей Федерациясының Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің п.ғ.к. Примбетова Гульжан Серикбаевна «Оценка качества среднего образования: сравнительный анализ» атты баяндамасында білім сапасын бағалау жүйесіндегі екі елдің ұлттық мониторинтері мен мемлекеттік емтихандарының ерекшеліктерін салыстыра отырып талдады. Білім сапасын бағалау жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физика-математика ғылымдарының докторы, Жоғары математика кафедрасының профессоры Бокаев Нұржан Адилханұлы «Қазіргі математиканы оқытудың ерекшеліктері» атты баяндама оқыды. Баяндама барысында Математика пәнінің өмірдегі маңызына, қажеттілігіне, сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыра отырып оқыту мәселелеріне көңіл аударды.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысының соңғы баяндамасын Өзбекстан Республикасындағы Нордик халықаралық университетінің Менеджмент бойынша аға оқытушысы Каттаев Одилбек мырза оқыды. Баяндама тақырыбы «Искусственный интеллект: трансформация подготовки учебных материалов и оценочных вопросов и тестов» болды. Баяндама барысында тест тапсырмаларын әзірлеуде жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері таныстырылды.

Бұдан әрі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның секциялық отырыстары жалпы орта білім беру пәндері бойынша өткізілді. Онда Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Қытай, Ресей және Қазақстанның барлық аймақтарынан 500-ден аса мектеп ұстаздары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары білім беру саласындағы өзекті деген мәселелерді талқылау мүмкіндіктеріне ие болды.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында оқылған баяндамалар барша қатысушыларға қызықты әрі пайдалы болды.

Конференцияға келіп қатысқан және қолдау білдірген қауымға үлкен алғыс білдіреміз!

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған