2024 жылдың 14 ақпан күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдеріне «Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік құзіреттілігін дамыту жолдары» атты қалалық семинарын өткізді. Қала бойынша келген педагогтерді домбырашылар оркестрі қазақтың әсем күйлерін орындап қарсы алды.
Семинардың алғы сөзін мектеп директоры Қ. Муканов ашып беріп, семинарға келген әріптестерге сәттілік тілеп, жақсы өтуіне игі тілегін білдірді. Астана қаласы Әдістемелік орталықтың әдіскері Н. Әзімбай семинар мақсатының зерттеушілік әрекетке және зерттеушілікке негізделген белсенді оқыту бойынша іс-тәжірибемен бөлісу екендігін атап өтіп, бүгінгі күннен әрбір маманның өзіне алар үлесі мол болатынына сенім білдірді. Мектеп-лицей бойынша шығармашылық топ жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі К. Нурманбетова «Зерде» балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық
жобаларын жазу талаптары туралы өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Бұл баяндамада зерттеу жұмысының жазылу тәртібі, ақпарат көздері, оқушы күнделігі ережесі, әдебиеттерді пайдалану жолдары және соңғы 3 жыл бойынша қалалық «Зерде» жоба жұмыстарын қорғау сайысында жеткен жетістіктерге тоқталды. Мұғалім, ата-ана, оқушы – осы үштік одақтың тығыз байланыс жасауының негізінде, әрі мектептің шығармашылық топ ұстаздарының көмегінің нәтижесінде әр жыл сайын жоғары көрсеткішке жеткендігі, соның ішінде биылғы оқу жылында 24 оқушы қалалық байқаудың жеңімпаздары атанғандары туралы баяндап өтті. Барлық жеңімпаз оқушылардың жұмысы көрмеге қойылып, өздері таныстырылымын жасады. Басқа да оқушылар жаратылыстану, дүниетану пәндері бойынша орындаған сабақтағы зерттеу бойынша да презентацияларын қорғады. №38 мектеп-лицей, №64 мектеп-лицей, №52 мектеп-гимназия ұстаздары жаратылыстану, математика, әдебиеттік оқу пәндері бойынша дуэт-сабақ, кіріктірілген сабақ түрлерін көрсетті.
Бастауыш сынып мұғалімі А. Калиева Ұлыбританя мемлекетіне барып, халықаралық көрмеге қатысқан іс-тәжірибесі ретінде «8 минуттық оқыту» жобасы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл да зерттеудің бір түрі оқушылардың кітапты түсініп оқу бойынша және қалай нәтижеге ертерек қол жеткізуге болатыны туралы мұғалімдердің өздеріне орындату арқылы жүзеге асты. «Қабілет және дарындылық» тренингі арқылы зерттеушілікке қалай бағыттауға болатыны туралы әр түрлі әдіс-тәсілдер көрсетілді. Семинар соңында, ұстаздар семинардан алған әсерлері туралы ой бөлісіп, кері байланыстарын берді.