Table Talk: «Bett 2024: Білім беру саласындағы жаңа технологиялар мен тың идеялар»

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен «Bett–2024» халықаралық білім көрмесіне қатысқан Астана қаласының мектеп директорларымен өткен дөңгелек үстел аясында білім беру технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың тәжірибесі негізінде білім беруді дамытудың маңызды бастамалары мен перспективалары ұсынылды.

Іс-шара барысында №85 мектеп-лицей директоры Марал Кадикеновна Казиева мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айнур Мухтаровна Сарсенова «Bett–2024» халықаралық білім көрмесі толығымен EdTech саласын дамытуға бағытталғанын атап өтті. Олардың ойынша, функционалдық сауаттылықты дамытуға ықпал ететін «Mighty Writer» қосымшаның әдістемелік құралын орыс тілінде оқытылатын сыныптарда қазақ тілін оқытуда қолдануға болады. Сондай-ақ олар білім алушыларға толықтырылған шындықты (Augmented Reality) пайдаланып білім әлеміне енуге және қазіргі уақыт шеңберінде білімді меңгеруге көмектесетін Class VR виртуалды білім беру бағдарламасын атап өтті.

№70 мектеп-лицей директоры Гүлжамал Пердебаевна Байменова математика пәнін оқытудың инновациялық әдісі ретінде «CodiPlay» жобасын таныстырып, білім берудегі интерактивті форматтардың маңыздылығына тоқталды.

№79 мектеп-лицей директоры Куралай Балгабаевна Мукушева мектептер серіктестігі аясында шетелдік «Moon Shot» мектебімен телекөпір өткізу жоспарларымен бөлісті, себебі аталған шетелдік мектептің психологтары балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне арналған сессияларымен ерекше көзге түсті

№42 орта мектептің директоры Меруерт Әбітайқызы Абуова тамыз конференциясына дайындықтың негізгі кезеңіне айналуы үшін мектепте Bett форматында білім көрмесін өткізуді ұсынды.

Ағымдағы жылы 35 мыңнан астам педагогтер мен мамандардың басын қосқан «Bett–2024» білім беру технологияларының көрмесі білім беру саласындағы соңғы технологиялармен және инновациялық шешімдермен танысып қана қоймай, білім сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Астана қаласының орта білім беру ұйымдары жетекшілерінің білім берудің озық тәсілдерін іздестіруге және енгізуге деген жоғары қызығушылығын көрсетті.

Білім беру технологияларының көрмесінен кейін негізгі бастамалардың қатарында ана тілінде функционалдық сауаттылықты дамыту үшін «Mighty Writer» әдістемелік құралын пайдалану, оқу үдерісіне тереңірек ену үшін Class VR виртуалды білім беру бағдарламасын енгізу, «CodiPlay» жобасында ұсынылған оқытудың интерактивті әдістерін қолдану болып табылады.

Сонымен қатар, Астана қаласының мектеп директорлары халықаралық мектептермен серіктестік орнатуға және шетелдік орта білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Осылайша, «Bett–2024» бағдарламасына қатысу отандық білім берудің инновациялары мен сапалы дамуына ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені қазақстандық білім беру жүйесіне енгізуге ұмтылуда Астана қаласының педагогтер қауымдастығы үшін маңызды қадам болды.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған