Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясында Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік таңы» атты танымдық, патриоттық кездесу кеш болыпты өтті. Кездесуге Астана қаласы білім беру ұйымдарының кітапханашылары, ұстаздар, мектеп оқушылары, әдістемелік орталық әдіскерлері қатысты.
Аталған шараны әдістемелік орталық әдіскері Ерғазы Манапұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруда білім ордаларында өтетін тәрбиелік шаралардың үлесі зор екенін, оны жүзеге асыратын педагогтер мен кітапханашылардың еңбегінің құндылығына тоқталды.
Келелі кездесуде егемен еліміздің өткен тарихынан сыр шертіп, тәуелсіздіктің мәні мен маңызы туралы жас ұрпаққа тағылымды да тартымды өнегеге толы естеліктер, шынайы деректерге негізделген әсерлі естеліктер айтылды.
Тәуелсіздіктің бағасы мен қадірін білу үшін жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды үйретуге бағытталған шуақты шараға қазақ күй өнерінің дарабозы, сазгер, күйші, ҚР Мемлекет сыйлығының иегері Секен Тұрысбек қадірлі қонақ ретінде қатысып, елдік мұрат туралы соқталы ойлар айтып, күмбірлетіп күй тартып, ел ықыласына бөленді.
Желтоқсан оқиғасының қатысушылары: Астана қаласы әкімдігінің Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектептің директоры Азимханова Сауле, «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» Ақпараттық библиографиялық жұмыс қызметінің басшысы Иманбекова Сағадат, ҚР Мәдениет қайраткері, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Сейдахметова Сағыныш 1986 жылғы жастардың ел тәуелсіздігі, ұлттық мұрат жолындағы ерлік істері туралы, өздері куә болған жайттарды мысал ете отырып танымды әңгімелер айтса, «Елорда билер кеңесі» төрағасы Ералы Әнуарбек қазақ тілі, ұлт руханияты туралы өнеге өрбітті.
«Құрмет Белгісі» ордені, «Ы. Алтынсарин төсбелгісі», «А. Байтұрсынов» медалінің иегері, ағартушы-ұстаз, Астана қаласы Білім басқармасы «Ардагерлер қоғамының» мүшесі Оспан қажы Сүлейменұлы мен аталған білім ордасының директоры Магзумова Бақытгүл қорытынды сөз сөйлеп, әсерлі шараның жас ұрпаққа берер тәрбиесіне ерекше назар аударып, келген қонақтарға алғыстарын білдірді.
Кеш соңы № 67 мектеп-гимназиясының «Салтанат» вокалдық ансамблі орындаған «Бас ием желтоқсанның ерлеріне» атты Оспан Сүлейменұлының сөзіне жазылған сазгер Алтын Өріктің әнімен қорытындыланды.