«ХХІ ғасырдың сынып жетекшісі» республикалық әдістемелік-практикалық конференция

ХХІ ғасырдың сынып жетекшісі – ол қандай?

Қазіргі заманның сынып жетекшісі – ол мұғалім, тәлімгер, психолог және баланың досы. Ол үнемі балалармен жұмыс істегендіктен, тәрбие қызметін кез-келген мәселені, не болмаса сұрақты бала үшін емес, балалармен бірлесе отырып шешетіндей ұйымдастыра алады. Әрине, сынып жетекшінің жұмысы оңай емес, ол «бәріне және бірден» жауапты болатын, бір уақытта көптеген жұмыстарды кәсіби түрде атқаратын адам.

Заманауи сынып жетекшісі бір орында тұрмайды, заман талабына сай, уақытпен бірге қадам басады. Ол психологиялық және әдістемелік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты толғандыратын мәселелерге қызығушылық танытады және заманауи ақпараттық технологиялардың жаңалықтарын зерттейді. Ол әрқашан жаңалыққа ашық, қазіргі заман балаларымен мүмкіндігінше тиімді жұмыс істеу үшін өзін кәсіби тұрғыдан және жеке өзін-өзі дамытуға бағыттап отыратын маман.

Бүгінде Астана қаласының білім беру ұйымдарында 7 350-ден астам сынып жетекші жұмыс істейді. Сондай-ақ, сынып жетекшілерінің әдістемелік бірлестіктерінің қауымдастығы сәтті жұмыс атқарып келеді. Баланы тәрбиелеудің тиімділігі көп жағдайда мектеп пен отбасының қарым-қатынасына байланысты. Мектеп пен отбасы арасында дұрыс қарым-қатынасты ұйымдастыруда сынып жетекшілер жетекші рөл атқарады.

19 мамыр күні Астана қаласы әкімдігінің Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «ХХІ ғасырдың сынып жетекшісі» республикалық әдістемелік-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға сынып жетекшілер, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ басқа өңірлердің педагогтері қатысты.

Конференция аясында TEDx Talks форматында пленарлық отырыс өтіп, 400 аса педагог қатысты. Конференцияны Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қ. Сенғазыев құттықтау сөзімен ашты. «Онлайн отбасы» Академиясының негізін қалаушы, 1 отбасылық психолог           Е.Қ. Мырзабаев конференцияның ерекше қонағы болды. Сондай-ақ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылым бойынша вице-президенті Н. Пұсырманов, № 8 мектеп-лицейінің директоры        Г.Е. Айтимова сыныпты басқарудағы құндылыққа негізделген білім берудің маңыздылығы жайлы айтып өтті, сондай-ақ Ұлттық құндылықтар Академиясының Басқарма төрағасы Ә.Т. Дүйсебек, Qundylyq.kz академиясының негізін қалаушы Ж.Е. Телюканов, «Ұлттық құндылықтар академиясы» тренері А.Ш. Құлмағамбетова, Астана қаласы әкімдігінің Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының химия пәні мұғалімі, сынып жетекшісі Н.Ж. Мауканов бала тәрбиесіне қатысты өзекті тақырыптар бойынша сөз қозғады.

Сондай-ақ, конференция аясында «Сынып жетекшісінің қызметі», «Сынып жетекшісінің қызметін сүйемелдеу», «Сынып жетекшісі қызметінің әдістемелік негіздері» тәрбие бағыттары бойынша секциялық отырыстар өтті. Педагогтер шеберлік сыныптар, практикалық жұмыстарымен бөлісіп, баяндамаларын ұсынды.

Конференция қатысушылары үшін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, бала тәрбиесіне қатысты, сынып жетекшілерге арналған кітаптар ұсынылды. Сондай-ақ, қатысушылар       А. Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қабен Нұрсұлтанның авторлық жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды.

Күннің екінші жартысында конференцияға қатысушылары ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасына барып, «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» қорымен танысты, «Әлем және Қазақстан» «QUIZ» интеллектуалдық ойынын, «Мәдениет: Кітап. Білім. Тіл» «Open Air – 2023» фестивалін тамашалады.

Республикалық конференция қорытындысы бойынша «ХХІ ғасырдың сынып жетекшісі» атты материалдар жинағы шығарылады.

Конференция  материалдары Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының https://astana-modern.kz сайтында жарияланады. Қосымша ақпарат алу үшін: +7 (7172) 48-11-57.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған