Нақты ғылыми пәндер бойынша оқушының бойында зерттеушілік қабілетті арттыру жолдары

Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» МКҚК және №70 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен 2023 жылдың 29 наурызында  физика және математика пәндері мұғалімдері арасында «Нақты ғылыми пәндер бойынша оқушының бойында зерттеушілік қабілетті арттыру жолдары» атты семинар-коучингі өткізілді. Аталмыш семинарға өз тәжірибелерімен бөлісуге спикер ретінде қала мектептеріндегі мұғалімдер тартылды.

Семинардың негізгі мақсаты – коллаборациялық коучинг сессиялары арқылы математика және физика пәндерінде сапалы білім беруді тиімді ұйымдастыру және мұғалімдердің жеке даму сатыларын оңтайландыру.

Іс-шараға елордалық мектептердің  физика және математика пәндері педагогтері қатысты. Семинар  №70 мектеп-лицейінің директоры Г.П.Байменова басшылығымен және директордың бейіндік оқыту ісі  жөніндегі орынбасары  Н.Б.Қияқбай модерациясымен өткізілді.

Семинар барысында 7 спикер өздерінің білім беруде қолданатын үздік әдістерімен бөлісіп, практикалық коучинг сессияларын жасап өтті. Әр спикер аудиториямен емін еркін жұмыс жасап, сұрақтарға жауап беріп, кері байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Атап айтар болсақ, Еркебұлан Қырғызбай Жолдықожаұлы «Физиканы оқытудағы әлемнің үздік тәжірибелері (фин, ағылшын және қазақстандық әдістер негізінде)» тақырыбында баяндама жасап, Финляндия еліне барғандағы сапарының нәтижелерімен бөлісті. Қалықбай Ырысбай Сағынтайұлы қазіргі трендте жүрген әлеуметтік плаформаларды физика сабағында қолдануға байланысты «Әлеуметтік желілерді қолдана отырып сабақ өту  арқылы оқушының бойында зерттеушілік қабілетті дамыту» атты тақырыпта баяндамасын ұсынды. Сабақты түрлі форматта өткізу арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында Анешова Таңшолпан Болысбекқызы «Оқушылардың өзіндік жұмыстарын ойын технологиясы арқылы ұйымдастыру әдістері» атты тәжірибесін ортаға салды. Сондай-ақ жас таланттарды байқау және олармен жұмыс істеу мақсатында математика пәні мұғалімі Боран Олжас «Жоғары логикалық қабілетке ие оқушыларды олимпиадаға дайындаудың тиімді тәсілдері» атты тақырыпта баяндама жасап, үздік үш тәсілді алға тартты. Сонымен қатар, Ырыскелді Бақытжан Айболұлы білім беруде кездесетін түрлі қиындықтардан шығу жолдарын әлемдік және өзіндік кейстер арқылы көрсетіп, «Оқушының зерттеушілік қабілетін арттыруда қолданылатын психологиялық сүйемелдеу» атты тақырыпта жоғары деңгейде баяндама жұмысын жасады. Ғылыми пәндерді оқытуда замануи плаформалардың рөлін Аяулым Жасұланқызы мен Кеңес Шолпан «Математиканы оқытудағы сандық платформалардың рөлі» атты баяндамаларында көрсете алды. «Салу есептері арқылы оқушылардың конструтивтік және аналитикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру» арқылы оқушылардың түрлі ойлау қабілеттерін дамыту қажеттіліктері туралы Сарсенова Жанар Шарипбековна жақсы идеяларымен бөлісті.

Семинарға қатысушылар тарапынан коучинг-семинар бойынша кері байланыс ұйымдастырылып, осындай коллаборациялық жұмыстарды ұйымдастырудың мұғалім тәжірибесіне біршама септігін тигізетінін алға тартты.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған