Елордалық «Алтын ұрпақ Астана» балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымда ECERS-3 шкаласы негізінде заттық-кеңістік дамытушы орта арқылы 5 дағдыны дамыту» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шараға қаланың әр ауданынан келген мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, әдіскерлері және тәрбиешілері қатысып, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Семинар барысында мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырудың заманауи тәсілдері талқыланды. ECERS-3 халықаралық бағалау шкаласы негізінде ұйымдастырылған жұмыс бағыттары ұсынылып, баланың дамуына қажетті негізгі бес дағдыны дамытуға арналған заттық–кеңістік орта құрудың тиімді әдістері көрсетілді.
Тәжірибелік бөлімде педагогтер балалардың танымдық, әлеуметтік-коммуникативтік, сөйлеу, шығармашылық және ұсақ моторика дағдыларын дамытуға бағытталған нақты жұмыстарды көрсетті. Қатысушылар балабақша тәрбиеленушілерінің даму ерекшеліктеріне сай ортаны қалай тиімді ұйымдастыруға болатынын тәжірибе жүзінде көріп, жаңа кәсіби құралдармен танысты.
Семинар педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, инновациялық әдістемелерді таратуға және мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру сапасын көтеруге бағытталған тиімді алаңға айналды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жұмысқа енгізуге болатын жаңа идеялар жинады.








