«Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің VІІ республикалық байқауының қалалық кезеңі өткізілді

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастыруымен 2025 жылғы 9 сәуір күні сағат №97 мектеп-гимназиясында сағат 14.00-де жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық әлеуетін арттыру, инновациялық белсенділіктерін дамыту, әрі қарай кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне жағдай жасау, оларды Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында бекіту мақсатында «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің VІІ республикалық байқауының қалалық кезеңі өткізілді.

«Ашық сабақ» өткізуге «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазу мен «Шығармашылық жолдың бастамасы» тақырыбында өзін-өзі таныстыру кезеңінде көп ұпай жинап алған 9 жас маман қатысты. Бұл кезеңде жас педагогтер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, заманауи білім беру әдістемелерін тиімді пайдалану арқылы оқушылармен жұмыс жүргізудің жаңашыл тәсілдерін ортаға салды. Ашық сабақтар барысында қатысушылар пән бойынша терең білімдерін, педагогикалық мәдениетін, сондай-ақ оқушылардың белсенділігін арттыруға бағытталған интерактивті әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білді.

Қазылар алқасы ашық сабақтардың барысын жіті бақылап, педагогтердің әдістемелік дайындығына, сабақты ұйымдастыру шеберлігіне, оқушылармен қарым-қатынасына және заманауи технологияларды қолдану деңгейіне ерекше назар аударды.

Байқаудың бұл кезеңі жас мамандардың кәсіби өсуіне, сондай-ақ болашақта шығармашылықпен жұмыс істейтін, білімді де білікті ұстаз ретінде қалыптасуына зор мүмкіндік берді.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған 3 мұғалім республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *