2023 жылғы 16 маусымда Астана қаласы колледждері директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен әлеуметтік педагогтары үшін «Заманауи болмыста жеке тұлғаны тәрбиелеу: моделі, факторлары және мазмұны» тақырыбында кіші симпозиум өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек көрсету.
Кіші симпозиумға Астана қаласы әкімдігінің «Діндерді зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерназаров Алмас Әзімханұлы және теолог-маманы Арман Нұрахметұлы, Астана қаласы полиция департаментінің әйелдерді зорлық — зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Шрахметова Гулмира Тілеуғалиқызы, «Құқық» қоғамдық қорының психологы Амангелді Нұрай және заңгер Рамазан Әсел Ерланқызы қатысты.
Диалог алаңында мүдделі тараптар діни мәселелер, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қорлау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша баяндамалар жасады.
Кіші симпозиумның тәжірибелік бөлігі барысында жоғары Көлік және коммуникация колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Хатпина Бибігүл Жамбулатқызы тәрбие жұмысын жоспарлау бойынша әріптестерге ұсыныстар берді. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сәрсенбаева Айнұр Орынтайқызы және психолог Садықова Алтынай Тұрарқызы «Егер сіз куратор болсаңыз…» іскерлік ойын өткізіп, кураторлармен жұмыс істеу бойынша әдістемелік ұсынымдар жасады. Ақпараттық жұмыс және SMM маманы Ақнұр Ерназарқызы ТжКББ мекемесінің имиджін көтеру жолдары мәселелеріне тоқталды.
Қорытындылау кезінде қатысушылар баяндамашылардың ұсынылған тәжірибесінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтіп, пікірлері мен оң ұсыныстарын білдірді. Симпозиум соңында қатысушыларға колледж бойынша экскурсия өткізілді.
Іс-шараға 20-дан астам адам қатысты.