«ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ: НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ -ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

2025 жылдың 28 қазан  күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» және №1 балалар музыка мектебі, Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің     ұйымдастыруымен қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ұлы дала сазы: Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық мұрасы» республикалық ғылыми — тәжірибелік  конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің ұлттық музыка өнерінің дамуына қосқан үлесін өскелең ұрпаққа насихаттау, ұлттық құндылықтарды бала бойына дарытудағы педагогтердің инновациялық        әдіс-тәсілдері мен тәжірибесін тарату, ұлы тұлғаның шығармашылық мұрасын зерделеу,  педагогтердің шығарашылық әлеуетін көтеру

Іс-шара пленарлық отырыстан басталып, «Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыкасын әлемдік деңгейге көтерген тұлға», «Өз елім», «Нұрғиса Тілендиевтің күйшілік мұрасы», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы және ұлттық құндылықтар бағыты, «Көш керуен» өнер бағыты  аталымындағы белсенді секция талқылауымен жалғасты.

Конференцияның ашылу салтанаты Астана қаласы жалпы білім беретін орта мектептерінің музыка пәні мұғалімдерінен құралған ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Н.Тілендиевтің  «Ата толғау» күйімен бастау алып, №1 Балалар музыка мектебінің «Серпер» домбырашылар ансамблінің орындауындағы Н.Тілендиевтің «Келе жатыр құс қайтып»  әніне және Астана қаласы жалпы орта білім беретін мектептерінің музыка пәні жас педагогтерінен құралған хор  ұжымы Н.Тілендиевтің «Құстар әні» шығармасымен ұласты.

Іс-шара  Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Мухамеджанова Алма Каиркеновнаның құттықтау сөзімен басталды.

Республикалық конференцияның пленарлық отырысын Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің дирижері, күйші композитор Мәдениет қайраткері Бекенов Нұрлан Алданышбайұлының жүргізуімен Алматы облысы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   Ермұрат Үсенов «Қазақ халқының жан дүниесін әуенмен өрген композитор»,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Өнер» ғылымының профессоры «Халық күйшісі» медалінің иегері Мұстафаев Ерболат Жұмашұлы  «Н.Тілендиев — ғасырда біртуар тұлға»,   «Отырар сазы» оркестрінің алғашқы (1980 ж.) бас домбырашысы, Мәдениет қайраткері Түсіпжанов Базаралы Жасболатович «Ұстаз, дирижер, композитор: Нұрғиса Тілендиевпен бірге өткен жылдар»,  «Отырар сазы» оркестрінің 1992-1998 ж. директоры, Мәдениет қайраткері Абдрахманов Сакен Сейтқалиевич «Отырар сазы» феномені және Нұрғиса Тілендиевтің рухани мұрасы»,   Астана қаласы әкімдігінің  Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей, музыка пәні мұғалімі  Мәдениет саласының үздігі Әбен Алтай Сапарұлы «Музыкалық мұра және рухани жаңғыру: Нұрғиса Тілендиевтің өнері арқылы ұрпақ тәрбиелеу» баяндамасымен жалғасын тапты. Республика көлеміндегі білім беру ұйымдарынан келген, атап айтқанда Астана, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау қалаларынан келген педагогтер  композитор шығармашылығын жоғары дәрежеде көрсете білді. Конференция қатысушылары ұлы композитордың мол мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің, оны білім мен тәрбие процесіне тиімді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
 Ұстаздар мен өнер мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуы ұлттық музыка арқылы тәрбиенің жаңа бағыттарын айқындауға зор мүмкіндік берді.

Республикалық ғылыми-конференция қорытындысында рефлексия өткізіліп, педагогтер өз әсерлерімен, пікірлерімен және өз ұсыныстарымен бөлісті. Нұрғиса Тілендиевтің мол мұрасы — ұлт руханиятының биік шыңы, қазақ өнерінің алтын қазынасы. Осындай игі шаралар арқылы ұстаздар қауымы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншілікті дарытуға үлкен үлес қосуда.

Конференция соңында қалың тыңдармандармен бірге  Астана қаласы, «NURORDA» мектеп-лицейінің  музыка пәні мұғалімі Мустафанов  Юрий  Джадагировичтің ұлы тұлға композитор Н.Тілендиевке арналған  «Көп еді, аға, арманыңыз» аты әні шырқалды.

Іс-шара ел ұстаздары мен өнер майталмандарының бірлігін арттырып, ұлттық өнерді ұлықтау мен келер ұрпаққа дәріптеу ісіне серпін берді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *