Астанада «Әке. Отбасы. Қоғам» X Республикалық әкелер форумы өтіп жатыр. Қаланың Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыевтің пікірінше, бүгінгі Әкелер форумы – отбасы институтын нығайту, әке мәртебесін арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі ер азаматтың рөлін айқындау жолындағы маңызды қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әке – отбасының тірегі, бала үшін өмірлік үлгі. Оның әр сөзі – тәрбие, әр әрекеті – өмір сабағы. Халқымыз “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп бекер айтпаған. Себебі әке тәрбиесі – баланың болмысын қалыптастырып, ертеңіне бағыт береді. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” – отбасындағы тәрбие баланың бүкіл өміріне әсер ететіні сөзсіз, — дейді басқарма басшысы. Сенғазыев атап өткендей, қоғамның дамуы – алдымен отбасы құндылығынан басталады. Ал отбасының алтын діңгегі – әке.
“Асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі” дегендей, әке тұлғасы баланың есейген сайын қадірлі бола түседі.
Сондықтан бүгінгі форум – ер азаматтардың тәрбиелік жауапкершілігін сезінуге, қоғамдағы орнын бекемдеуге жол ашатын маңызды алаң. Білім беру жүйесінде де тәрбиенің сапасын арттыру, мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті нығайту – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта, Астана қаласының білім беру ұйымдарында құрылған Әкелер кеңесі – бала тәрбиесінде әке рөлін жандандырып, “Отан – отбасынан басталады” қағидасын нақты іске асырып келеді, — деп атап өтті спикер форумда.
“Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен оқу жылында “Даналық мектептері” кең өріс алды. Атап айтқанда:
• Әкелер кеңесі – 780 әке,
• Аналар кеңесі – 345 ана,
• Ақсақалдар кеңесі – 155 ақсақал,
• Аналар мектебі – 330 ана,
• Аталар мектебі – 150 ата,
• Әжелер мектебі – 190 әже,
• Ағалар мектебі – 120 аға,
• Жеңгелер мектебі – 152 жеңге.
Әкелер одағының бастамасымен өткізілген кездесулер, челлендждер, кітап оқу шаралары – “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген халық даналығын іс жүзінде дәлелдеді. Биылдан бастап, әкелердің тікелей қолдауымен ұлттық спортты дамытуға арналған “Бала толағай” үйірмелері іске қосылып жатыр. Бұл – “Тәні саудың – жаны сау” деген қағиданы бала тәрбиесіне сәтті енгізудің бір көрінісі. Әкелер кеңесінің қызметі – ата-ананың, әсіресе әкенің тәрбиедегі орнын терең ұғындыруға, отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыруға, жас ұрпақтың бойына ұлттық, адами және экологиялық құндылықтарды дарытуға бағытталған маңызды жұмыс үлгісі, — деп ойын айтты Қасымхан Сенғазыев жиында сөйлеген сөзінде.
https://baq.kz/uydegi-tarbie-balanyn-bukil-omirine-aser-etedi-sengazyev-200015364