2025 жылғы 29 қыркүйек күні Астана қаласының №28 мектеп-лицейінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің онкүндігі аясында «Тіл жанашыры – ел жанашыры» атты ерекше форматтағы кездесу өтті. Іс-шараға қазақ тілін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген тіл маманы, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, LINGVA TEN тілдік коучинг орталығының директоры әрі онлайн қазақ тілі мектебінің негізін қалаушы Владислав Тен арнайы шақырылды.
Кездесуге Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) пәнінің әдіскері Кайркенова Жанар Мүслімқызы, сондай-ақ мектептегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің барлық мұғалімдері мен жоғары сыныптың оқушылары қатысты.
Аталған кездесудің мақсаты – оқушыларды қазақ тілін үйренуге ынталандыру, тіл үйретудің заманауи тәсілдерімен таныстыру және еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыру болды.
Кездесу барысында оқушылар Владислав Тен ұсынған заманауи жаттығулар мен тілдік коучинг тәсілдерін қолданып, қазақ тілін меңгерудің тиімді жолдарымен танысты. Қонақпен ашық сұхбат құрып, түрлі сұрақтар қойып, өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізуге тырысты. Сонымен қатар, қазіргі күнде жиі қолданылатын сөз тіркестері мен сөйлеу үлгілерін меңгеріп, тілдік қорларын байытты.
Бұл шара мұғалімдер үшін де пайдалы тәжірибе алаңына айналды. Педагогтер өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары туралы ақпарат алып, Владислав Тенмен әдістемелік тұрғыда пікір алмасты.
Кездесу өте әсерлі, еркін форматта өтті. Мұндай шаралар оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қазақ тілін үйренуге деген сенімдерін нығайта түседі. Сонымен қатар, ұстаздар қауымына кәсіби тұрғыда шабыт беріп, жаңаша көзқарас қалыптастырды.