2024 жылғы 29 қазан күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспары бойынша Quantum STEM School мектебінде «Сабақты жоспарлау кезінде тиімді әдіс-тәсілдер қолдану» тақырыбында республикалық семинары өтті.
Іс-шара басында өз тәжірибелерімен және сабақ жоспарын тиімді құру бойынша ұсыныстарымен Әдістемелік орталықтың әдіскерлері Нуртаева К.У. және Кабдиева А.С. бөлісті. Семинарға Астана қаласы мен Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мұғалімдері қатысты.
Quantum STEM School, Қ. Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL, №55 мектеп, №93 лицей және №69 гимназия мұғалімдері ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізді. Ашық сабақтар барысында қатысушылар оқу процесін ұйымдастырудағы инновациялық тәсілдерді көріп, оқушылардың назарын аудару және оларды оқу процесіне белсенді қатыстыру әдістерімен, сондай-ақ күрделі мәліметтерді визуализациялау және талдау әдістерімен танысты. Мұғалімдер сабақтарды қызықты және тиімді өткізудің маңызды тәсілдерін меңгерді.
Семинар тыңдаушыларына интерактивті әдістер мен цифрлық ресурстарды оқу процесінде қолдану, сабақтарды геймификациялау, практикалық, зерттеу және зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру кезеңдері туралы теориялық және практикалық білім берілді. Тыңдаушыларға күрделі процестерді визуализациялау әдістері де ұсынылды.
Семинар соңында республика педагогтері спикерлермен ой бөлісіп, кері байланыс жасады. Бұл шара педагогтердің кәсіби дамуына және білім беру ұйымдарында тиімді жұмыс істеуіне ықпалы зор.