2025 жылғы 15 мамыр күні сағат 15.00-де Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлескен «Қазақ халық музыкасының тәрбиелік мәні мен рөлі» тақырыбында онлайн республикалық ғылыми-практикалық семинары өтті.
Семинардың мақсаты — музыка пәні мұғалімдеріне қазақ халық музыкасының тәрбиелік мәнін түсіндіріп, қалыптастырудың тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау және тәжірибеге енгізу, тәжірибе алмасу.
Семинарға Алматы қаласы, Абай облысы, Семей қаласы және қала мектептеріндегі музыка пәні мұғалімдері қатысты. Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА «Жалпы даму пәндері» зертханасының ғылыми қызметкері Ж.Ж. Смагулова модетаторлық еткен семинар аясында Алматы қаласы № 42 орта мектебінің музыка пәні мұғалімі, педагог-шебер А.В. Буренкова «Қазақ халық музыкасы мен бидің баланың шығармашылық және эмоционалдық әлеуетін дамытудағы ролі» тақырыбында, Абай облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы Маяковский атындағы орта мектебінен Б.М.Аксакова «Орта мектептерде қосымша білім беру — домбыра үйірмесіндегі оқушыларды қарапайым тәсілдермен үйрету», Астана қаласы №106 орта мектебінен Г.К.Жаманкараева «Музыка мен ұлттық салт-дәстүр: әндердегі әдет-ғұрып», Семей қаласы № 29 ЖОББМ Д.Т.Мусина «Торғай музыкалық ысқырығы», Абай облысы, Семей қаласы №20 жалпы орта білім беретін мектебінен Х.А.Аманбаева «Қазақ халық музыкасының музыка пәні арқылы беретін тәрбиелік мәні мен рөлі», Астана қаласы әкімдігінің № 79 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі Б.Б. Бейсенғали «Ән айту мен музыкалық жаттығулар арқылы оқушылардың жеке дамуы мен өзіндік сенімділігін қалыптастыру», Астана қаласы әкімдігінің №38 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі Н.А.Канафин «Балаларға ән үйретудің маңыздылығы мен тәрбиелік мәні» тақырыптарында өз іс тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара аясында халық әндері мен халық күйлерін балаларға үйретудің тиімді тәсілдері, музыка сабағында қолданылатын цифрлық бағдарламалар таныстырылымы көрсетілді, жастарды ұлттық музыкаға қызықтыру жолдары талқыланды.