Жаңа технологиялар мен түрлендірулердің қарқынды, үздіксіз даму процесі қазіргі білім беру кеңістігіне өз талаптарын қоюда. Оқу үрдісін заман талабына сай бейімдеу, жаңа инновациялық тәсілдер, білім беру технологиялары мен оқыту әдістерін енгізу барысында «навигатор» рөлі әдіскерге жүктеледі.
Әдіскер педагогика саласындағы ғылыми зерттеулер мен оқу орындарының практикалық қызметі арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқара отырып, білім беруді жаңарту үдерісінің қозғаушы күші болып табылады.
Үнемі кәсіби даму – әдіскер жұмысының ажырамас бөлігі. Басқаларды баурап алу үшін өзің сол бағытта қызығушылық танытуың қажет: белсенді, креативті, жігерлі, үнемі ізденіс үстінде болу, идея тудыру қабілетін дамыту.
2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы», «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы», «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы», «Психологиялық қолдау орталығы», «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы» әдіскерлері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығында «Заманауи әдіскер: білікті сарапшы және тиімді тәлімгер» тақырыбында біліктілігін арттыруда.