2025 жылдың 21 және 23 мамыр күндері білім беру ұйымдарының педагогтері мен әкімшілігіне арналған Kundelik.kz жүйесін тиімді қолдану бойынша екі онлайн вебинар өткізілді. Іс-шаралардың мақсаты – оқу жылының қорытынды кезеңінде және арнайы білім беру ұйымдарының аттестациядан өтуі барысында жүйені дұрыс пайдалану алгоритмдерін түсіндіру, сонымен қатар жиі кездесетін қателіктердің алдын алу болды.
2025 жылғы 21 мамыр күні өткен «Kundelik.kz жүйесінде оқу жылын аяқтау: іс-әрекеттер алгоритмі мен маңызды қадамдар» тақырыбындағы вебинарға 100 адам қатысты. Вебинар барысында оқу жылының соңындағы жұмыстарды жүйеде тиімді ұйымдастыру, бағаларды жабу, журналдарды толтыру, қорытынды есептерді реттеу бойынша нақты алгоритмдер ұсынылды. Қатысушылар жүйеде жиі жіберілетін қателіктер мен оларды болдырмау жолдарымен танысты.
2025 жылғы 23 мамыр күні ұйымдастырылған келесі вебинар «Арнайы білім беру ұйымының аттестациядан өтуі барысында Kundelik.kz жүйесінде жүргізілетін жұмыстар» тақырыбына арналды. Оған 33 педагог қатысты. Вебинарда арнайы білім беру ұйымдары үшін аттестация процесінде жүйеде қажетті деректерді дұрыс енгізу, құжаттарды рәсімдеу және ақпаратты нақты көрсету жолдары қарастырылды.
Осы вебинарлар барысында берілген практикалық ақпарат пен әдістемелік ұсынымдар қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, білім беру ұйымдарында цифрлық жүйелерді тиімді қолдану мәдениетін арттыруға үлес қосты.