Астана қаласының Әдістемелік орталығы жоспарына сәйкес Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицей базасында «Инновациялар мен сабақтастық: Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары заманауи контексте» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға ғалымның немересі, қарындасы, Мыңбаевтанушы ғалымдар және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық педагогтер жиналды . Конференцияның пленарлық кезеңінде ғалымның ғылымға, ел дамуына сіңірген еңбегі жан-жақты талданып, оның тұлғалық болмысы, азаматтық ұстанымы мен ғылыми мұрасы кеңінен насихатталды. Конференцияның секциялық кезеңі төрт секция бойынша ұйымдастырылып, зерттеуші педагогтер өз баяндамаларын ұсынып, ғылыми пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Әсіресе, жас зерттеушілердің Кәрім Мыңбаев еңбектеріне сүйене отырып жасаған ғылыми ізденістері мен ой-тұжырымдары көпшілікке үлкен әсер қалдырды.
Бұл басқосу Кәрім Мыңбаевтың ғылыми мұрасын жаңаша зерделеуге, идеяларын қазіргі заман талаптарымен ұштастыруға мүмкіндік берген мазмұнды алаң болды.













