«Цифрлық трансформация» атты семинар – практикум

2025 жылдың 21 ақпан күні «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес Астана қаласы №2 өнер мектебіне 20 жыл толуына орай «Цифрлық трансформация» атты семинар – практикум өтті.

Семинар-практикумге қаламыздың қосымша білім беру ұйымдарының басшылары және балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің педагогтері қатысты.

Бұл шара цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктерді талқылап, тәжірибе алмасуға арналды. Цифрлық дәуір-шексіз мүмкіндіктер заманы. Сол себепті біздің бүгінгі басқосуымыз болашақтағы үлкен жетістіктердің бастамасы болатынына сенімдіміз.

Салтанатты шараны №2 өнер мектебінің директоры ашып «Білім беру қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Астана қ. «Әдістемелік орталығы» МКҚК цифрландыру бойынша әдіскері «Киберқауіпсіздік және медиа сауаттылық: интернеттегі қауіпсіздік негіздері», «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Медиа сүйемелдеу бөлімінің әдіскері «Цифрлық трансформация: ЖИ технологиясының озық үлгілерін зияткерлік сайыстарға тиімді енгізу», №2 өнер мектебі директорының орынбасары «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім» тақырыбында баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мектебіміздің педагогтері «Қазақ халық аспаптары» бөлімі, ««Ән орындау» бөлімі, «Көркем-эстетикалық бағыт» бөлімдері бойынша секциялық жұмыстар өткізді.

Мектептің 20 жылдық мерейтойына арналған семинар-практикумның ерекше жаңалықтарының бірі — біздің ардақты ұстаздарымыз, эстрадалық-вокал сыныбының мұғалімдері осы атаулы күнге арнап мектеп «Өнерім» атты гимнін жазып, жиналған қауымға тарту етті. Бұл гимн — мектептің тарихын, рухын және болашаққа деген сенімін бейнелейтін ерекше ән. Бізге ортақ құндылықтарды дәріптеп, жаңа белестерге жетелейтін шабыт көзі болып, мектебіміздің әрбір оқушысы мен түлегі үшін мақтаныш символына айналады деп сенеміз!

Іс-шара соңында семинарда өз іс-тәжірибесімен бөліскен ұстаздарымыз бен семинарға қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *