Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК-ның жылдық жоспарына сәйкес, 2025 жылғы 25 ақпанда І. Есенберлин атындағы № 67 гимназиясында «Білім беру мен «Біртұтас тәрбиені» дамытудың драйверлері» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мүдделі ұйымдармен ынтымақтаса отырып, бірлескен тәрбие беру кеңістігін құру.
Семинарды І. Есенберлин атындағы № 67 гимназия директорының міндетін атқарушы, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Оналбаева Гүлнар Берқаевна ашып, семинардың мақсаты мен міндеттерін атап өтіп, атқарылатын шаралар туралы баяндады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізі – балаларға ұлттық құндылықтарды дамыту» тақырыбында «Әдістемелік орталығы» МКҚК-ның Тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Ибраева Эльвира Айдарқызы сөз сөйледі.
Жас ұрпаққа білім беру мен ұстаздардың кәсіби дамуына елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан тренер Байтажикова Құралай Амангелдіқызы «Бір шырақ мың шамды жағады» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Семинар аясында екі секциялық жұмыс ұйымдастырылды:
1-секция: «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған зерттеу сабақтары мен шеберлік сыныптары.
2-секция: Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және ата-аналармен бірлескен отбасылық сағаттар.
Секциялық жұмыстардан кейін семинар қорытындыланып, қатысушылардан кері байланыс алынды. Қатысушылардың пікірінше, мұндай семинарлар педагогтердің кәсіби дамуына және білім беру мен тәрбиенің үйлесімді жүргізілуіне оң ықпал етеді.
Іс-шара барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар болашақта білім беру саласында тиімді шешімдер қабылдауға негіз болатыны сөзсіз. Семинар нәтижесінде педагогтер мен әдіскерлер арасындағы ынтымақтастық нығайып, бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктері айқындалды.