Астанада инклюзивті білім беруге арналған республикалық практикалық конференциясы

2025 жылдың 28 қараша күні «Инклюзивті білім беру: бірлескен тәжірибе, ашық көзқарас, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы республикалық практикалық конференцияның практикалық бөлімі Астана қаласы әкімдігінің «№2 арнайы мектеп» КММ базасында жалғасын тапты.

«Диагностикадан – дамуға, оқытудан – әлеуметтенуге» тақырыбында өткен іс-шараға Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Көкшетау, Қарағанды, Ақтау қалаларынан арнайы және жалпы білім беру ұйымдарының басшылары, арнайы педагогтер, психологтер және пән мұғалімдері қатысты.

            Бағдарлама төрт негізгі модуль бойынша ұйымдастырылды:

            1-модуль. Теориялық блок

            Қатысушыларға инклюзивті білім берудің өзекті бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Арнайы педагогикадағы жасанды интеллектті қолдану, ерекше оқушылардың танымдық қабілеттерін ұлттық нейрожаттығулар арқылы дамыту, музыкалық-ойын технологиялары, сенсорлық жүйені жетілдіру және технологиялық карталарды қолдану тәжірибелері талқыланды.

            2-модуль. Практикалық блок – интеллектуалды квест

            Бес станциядан тұратын квест барысында педагогтер терминологиялық тапсырмалар, логикалық-шығармашылық ойындар, педагогикалық конструктор элементтері, үйлесімділікке бағытталған жаттығулар және ойға шабуыл әдістерін тәжірибеде орындады.

            3-модуль. Шеберлік сыныптары

            Қатысушылар гипспен жұмыс, пайетка және моншақпен заманауи кестелеу, құрақ құраудың жеңіл әдістері, декупаж техникасы және брошюра өнімдерін дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

            4-модуль. Постер-сессия

            AR-зерттеулер негізінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, түлектердің ата-аналарының әлеуметтік мекемелерге көзқарасын жақсарту, үйден оқитын оқушылардың қарым-қатынас ортасын кеңейту бағытындағы жобалар таныстырылды.

Екі күнге созылған конференция инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуда педагогтердің кәсіби бірлігін нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *