«Айтыс – рухани құндылықтың бастауы» атты халықаралық ғылыми–практикалық семинар өтті

2025 жылғы 14 мамыр күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жұмыс жоспарына сәйкес Ж. Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясында «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы аясында «Айтыс – рухани құндылықтың бастауы» атты халықаралық ғылыми–практикалық семинар өтті.

Семинардың мақсаты – ұлттық руханияттың қайнар көзіне айналған айтыс өнерінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ашу, тәжірибе алмасу арқылы оның заманауи бағыттарын айқындау.

Семинар екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім онлайн форматта өтіп, онда халықаралық және республикалық деңгейдегі ғалымдар, зерттеушілер мен айтыскер ақындар ұлттық өнер туралы құнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Семинарды мектеп директоры Айгүл Есенқызы Рамазанова ашты. Ол айтыстың тәрбиелік мәні, жас буынның бойында ұлттық сана қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды. Семинарда Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент, айтыс ақыны сөз сөйлеп, «Заманауи ұлттық өнер және балалар шығармашылығы» тақырыбында мазмұнды баяндама ұсынып, қазіргі жастардың өнерге бет бұруындағы айтыстың орнына тоқталды.

Жаубай Зульмира – Моңғолияның Білім министрлігіне қарасты Ұлттық білім зерттеу институтының ғылыми қызметкері «Моңғолияда аз ұлт балаларының қос тілде білім алуының құқықтық негіздері» тақырыбында баяндай отырып, айтыс пен тіл саясаты арасындағы байланысты көрсетті.

Мұстафа Айдын – түрік айтыскер ақыны, аудармашысы – әдебиетші, жас ғалым Ғылымхал Манай «Түрік халқындағы дәстүрлі айтыс өнерінің ерекшеліктері» жөнінде құнды деректер мен салыстырмалы талдаулар жасады.

Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы – айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Торғай өңіріндегі айтыс өнері» тақырыбында тарихи шолу жасап, атақты ақындардың шығармашылығына тоқталды.

Семинардың екінші бөлімі – ұлттық өнердің нақты көрінісі саналатын республикалық оқушылар айтысы болды. Айтысқа Қостанай, Жамбыл, Павлодар, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан жас ақындар қатысты. Бас жүлдені Рагат Нұрислам иеленсе, 1-орынды Охиттан Нұриден, 2-орынды Мақсұтханова Айғаным, 3-орынды Александр Жомарт алды. Арнайы жүлдеге Сәттібек Серікболатұлы мен Әби Балнұр ие болды. Айтыскер ақындарға диплом мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *