Ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған семинар сәтті аяқталды

2025 жылғы 30 мамыр күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған елордалық ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған 5 күндік тегін оқыту семинары аяқталды. Семинардың English Language Specialist Program АҚШ-тан маман шақыру бағдарламасы бойынша екінші жыл қатарынан өткізілуі және халықаралық маманның тұрақты түрде қатысуы бұл іс-шараға ерекше маңыздылық пен құндылық береді.

Семинар тақырыбы – «TOEFL/IELTS емтихандарына тиімді дайындық: оқыту стратегиялары мен тілдік құзыреттілікті арттыру» (Effective Preparation for TOEFL/IELTS: Teaching Strategies and Enhancing Language Proficiency). Мақсаты – ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық емтихандарға (TOEFL, IELTS) дайындауда заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге жағдай жасау.

Семинарды АҚШ-тан арнайы шақырылған маман – доктор Роберт Д. Лейер жүргізді. Семинарға алдын ала іріктеуден өткен 32 ағылшын тілі мұғалімі қатысты. Қатысушылар шетелдік сарапшының тәжірибесіне сүйене отырып, тиімді оқыту стратегияларын меңгеріп, тілдік құзыреттілікті дамытуға бағытталған практикалық тапсырмаларды орындады.

Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Марапаттауға Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің мәдениет және білім беру атташесінің м. а. Тимоти Гибсон мырза және Астана қ. әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК басшысының орынбасары Мухамеджанова Алма Каиркеновна қатысты.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылар семинардың мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Мұндай шаралар мұғалімдердің кәсіби дамуына зор серпін беретіні сөзсіз.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *