Әдістемелік күн: MYP бағдарламасының үміткері – №91 мектеп-гимназиясы

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жылдық жұмыс жоспарына сәйкес 2025 жылғы 2 мамыр күні білім беру саласындағы зерттеулер мен ынтымақтастық бөлімі әдіскерлерінің ұйымдастыруымен №91 мектеп-гимназиясында әдістемелік күн өткізілді. Аталған мектеп Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Бахрейн Корольдігімен бірлесіп салынған.

Іс-шара мақсаты — Халықаралық бакалавриаттың орта буын бағдарламасы (MYP) бойынша авторизация рәсімінен өту кезінде білім беру ұйымын әдістемелік сүйемелдеу.

Кездесу барысында орта буын бағдарламасын (MYP) іске асырудың негізгі аспектілері, мектептің стратегиялық даму жоспары мен саясаты, сондай-ақ IB тәсілдерін оқу процесіне енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, білім ордасында түрлі үйірмелер жұмыс істейтіндігі атап өтіліп, олардың білім алушылардың көшбасшылық, сыни ойлау және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын дамытудағы рөлі қарастырылды.

Педагогтерді аттестаттаудан өткізу процесін әдістемелік сүйемелдеу, бірлескен әдістемелік семинарларды жоспарлау және мемлекеттік мектептерде IB тәжірибесін жинақтау мен тарату мәселелері де назардан тыс қалмады.

Астана қаласының мемлекеттік мектептерінде Халықаралық бакалавриат бағдарламаларын (PYP, MYP, DP) іске асыру бойынша әдістемелік сүйемелдеу жұмысы өз жалғасын табады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *