Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес 2025 жылғы 31 қазан күні Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «ТалқыLaike» жобасы аясында «Абай философиясы мен шығармашылығы: ұлттық идея мен тұлғаның қалыптасуы» тақырыбында оқырмандар конференциясы өтті.
Мақсаты: Абай Құнанбайұлының философиялық көзқарасы мен шығармашылығын терең талдау арқылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыретін арттыру, ұлттық идея мен тұлғаның рухани қалыптасуындағы Абай мұрасының маңызын ұғындыру.
Іс-шаранының ашылуында мектеп директоры Ж.Т. Казмуханбетова мен Әдістемелік орталығының әдіскері Ж.М. Кайркенова қатысушыларға жылы лебіздерін білдіре отырып, «Абай мұрасы – ұлттық рухтың темірқазығы» тақырыбында ой бөлісті.
Конференция барысында «Жүректен жүрекке» психологиялық тренинг қатысушылар арасында сенімділік пен эмоциялық байланыс орнатуға ықпал етті. Ал оқушылардың «Абай жолы» роман-эпопеясынан «Қайтқанда» тарауы бойынша театрландырылған көрінісі Абай шығармасындағы ой-пікір мен тұлғаның рухани дамуы тақырыбын терең сезінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Абай әлеміне саяхат» ой-сергіткіші қатысушыларға Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ақпаратты қызықты әрі ойын арқылы меңгеруге жағдай жасады. Мұғалімдер Абайдың жетінші қара сөзі бойынша ұлттық идея, тәрбие мен білімнің өзара байланысын талқылап, оны тәжірибеде қолдану жолдарын қарастырды.
«Дана Абай философиясы» шығармашылық алаңында қатысушылар топтық жұмыс арқылы Абай философиясының негізгі қағидаларын зерттеп, шығармашылық тапсырмаларды орындаса, «Абайдан алған ой» тақырыбындағы талқылау барысында қатысушылар мазмұнды сұрақтар арқылы өз ойларын білдіріп, Абай идеяларын қазіргі өмірге қолданудың тәсілдерін қарастырды.
Аталған іс-шарада қатысушылар заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық платформаларды тиімді қолдана отырып, берілген тапсырмалар арқылы тақырыптың мазмұнын жан-жақты ашты.
Конференция соңында педагогтер Padlet платформасы арқылы кері байланыс орнатып, өз әсерлерімен бөлісті. Олар іс-шараның мазмұндылығына жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.








